«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасына БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
«Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңға сәйкес полиция органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі міндеттерді жүзеге асырады.
Жүктелген міндеттерді орындау үшін еліміздің әрбір әкімшілік-аумақтық бірлігінде жергілікті жердің санаты мен ерекшелігіне, жұмыс көлеміне, қызметтік жүктемеге (жергілікті жердің санаты, халық саны, криминогендік жағдай және т.б.) байланысты полиция басқармалары не бөлімдері жұмыс істейді.
Түркістан облысында 17 әкімшілік-аумақтық бірлік бар, оларға қызмет көрсету үшін 2 басқарма (Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында) және 15 полиция бөлімі жұмыс істейді.
Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданына Түркістан облысының полиция департаменті Сарыағаш ауданының полиция бөлімі қызмет көрсетеді.
Сарыағаш ауданы облыстағы ең ірі аудандардың бірі болып табылады. Аудан тұрғындарының саны 221,5 мың адамды құрайды, аумағы - 4,2 мың км2.
Сарыағаш ауданы халқының жыл сайынғы демографиялық өсімін ескере отырып, Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің мәртебесін Басқармаға дейін арттыру ұсынылады.
Бұл жалпы жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, қылмыстарды ашуды жақсартуға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, қоғамдық қауіпсіздік қатерлеріне жедел ден қоюды тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.