ІІМ автокөліктер үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін жедел дайындауды енгізді
Халыққа ыңғайлы ету мақсатында ағымдағы жылдың 24 маусымынан бастап Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін жедел дайындау қызметтерін енгізді (әрі қарай – МТНБ).
Оларды жедел дайындаудың екі санаты қарастырылған:
1) Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал және Өскемен қалалары үшін жеделділіктің 1-санаты бойынша дайындау мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды, оның құны - 13 773, 9 тг.
2) Жезқазған, Көкшетау, Қонаев қалалары, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар үшін жеделділіктің 2-санаты бойынша дайындау мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды, оның құны - 19 436, 9 тг.
Мерзімдер мен бағалардың айырмашылығы МТНБ-ны дайындау орнымен байланысты.
Жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті (1,25 АЕК) және МТНБ (2,8 АЕК) алу үшін мемлекеттік баждар ҚР Салық кодексінің 615-бабының талаптарына сәйкес белгіленгенін және өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет.