«Қазақстан Республикасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі бұйрығының жобасына БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі бұйрығының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірледі.

Жобаның мақсаты артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 37-тармағына (бұдан әрі – Заң) сәйкес келтіру болып табылады.

Анықтама: Ұлттық экономика министрлігі әкімшілік-құқықтық реформаның (бюрократиядан арылтудың) екінші кезеңінің шеңберінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңды әзірледі және өзгерістер енгізді. Осы кезеңнің шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді бекіту жөніндегі құзырет Үкіметтің деңгейінен орталық мемлекеттік органдардың деңгейіне ауыстырылады. Бұл түзетулер жоғарыда аталған Заңда іске асырылды.

Ал Бұйрық жобасына келсек, оның мазмұны «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысымен сәйкес. Одан басқа оған дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу тәртібіне қойылатын жаңа талаптар қосылмайды және дактилоскопиялық тіркеуден өту тәртібі өзгермейді, тек Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидалары Министрдің бұйрығымен қайта бекітіледі.

Анықтама: Бұйрық жобасының 5-тармағына сәйкес дактилоскопиялық ақпаратты жинау Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін және (немесе) паспортын бірінші рет алуға жүгінген азаматтардан, сондай-ақ оларды қайта қалпына келтіру не ауыстыру үшін олардың келісімімен жүзеге асырылады.  Яғни біздің азаматтар үшін дактилоскопиялық тіркеуден ерікті  түрде өту заңнамалық деңгейде бекітілді.

Дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеттілігі тек визалар, жеке басты куәландыратын құжаттар, тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсаттар алған кезде Қазақстанның аумағына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін ғана көзделген.