«Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 532 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрық жобасы бойынша БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
Мемлекет басшысымен 2024 жылғы 16 мамырдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.
Атап айтқанда, «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңға түзетулер мен толықтырулар енгізілді (одан әрі – Заң).
Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын Заңға сәйкес келтіру болып табылады.
Жоба шеңберінде реадмиссия немесе ҚР аумағынан тыс шығарып жіберуге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жол жүру құжатын беру функциясы алынып тасталады және оны босқын мәртебесі бар адамдарға берілуі сақталады.
Бұдан басқа, жеке басты куәландыратын құжаттар, егер төтенше жағдай енгізілген жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды ұзартуды немесе ауыстыруды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайларда, олардың қолданылу мерзіміне, иесінің мәртебесі өзгергеніне және өзге де елеулі мән-жайларға қарамастан, төтенше жағдай кезеңі ішінде, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жарамды болып есептеледі.
Бұл норма төтенше жағдай режимі қолданысқа енгізілгенге дейін қолданысы аяқталған жеке басты куәландыратын құжаттарға қолданылмайды.
Жобаның мәтінімен Ашық НҚА|НҚА (egov.kz) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында танысуға болады.
Сізден осы жобаны жария талқылауға қатысуды сұраймыз.