БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
Жаңа түзетулер есірткіні тұтынғаны және оны аз мөлшерде сақтағаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібін жеңілдетуді көздейді
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктерін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыруды көздейтін түзетулер әзірледі.
Сөз қоғамдық орындарда есірткі заттарын тұтыну, сондай-ақ оларды өткізу мақсатынсыз аз мөлшерде заңсыз сақтау туралы болып отыр.
Ұсынылып отырған өзгерістер есірткі заттарын заңдастыруды немесе жауапкершіліктен босатуды білдірмейді. Аталған әрекеттерге бұрынғыдай тыйым салынады, ал кінәлі тұлғалар заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі уақытта аталған әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады. Олар үшін ең қатаң жаза – қамауға алу. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға ауыстырылғаннан кейін де қамауға алу жазасы сақталады.
Осылайша, ең қатаң жаза түрі іс жүзінде өзгермейді. Тек жауапкершілікке тарту тәртібі жеңілдетіледі.
Қазіргі уақытта осындай әрбір факті бойынша қылмыстық тергеп-тексеру жүргізіледі: сараптамалар тағайындалып, жауап алу және өзге де тергеу әрекеттері жүргізіледі. Нәтижесінде түпкілікті шешім қабылдау ұзақ уақыт алады.
Жаңа тәртіп бұл рәсімді едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Есірткі заттарының түрі мен мөлшері расталғаннан кейін материалдар жаза тағайындау үшін сотқа жедел түрде жолданатын болады.
Яғни жауапкершілік жойылмайды және жеңілдетілмейді. Керісінше, кінәлі тұлға жауапкершілікке неғұрлым қысқа мерзімде тартылатын болады. Бұл жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте есірткі заттарын медициналық емес тұтыну салдарынан есірткілік масаң күйде қоғамдық орындарда болғаны үшін де жауапкершілік көзделген. 2025 жылдың наурыз айынан бастап осындай 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тәжірибе көрсеткендей, әкімшілік тәртіп мұндай фактілерге жедел ден қоюға және заңда көзделген шараларды тезірек қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар есірткі тұтынатын адамдарға қатысты профилактикалық және медициналық шаралар сақталады. 2024 жылдан бастап мұндай азаматтарды денсаулық сақтау органдары консультативтік есепке қояды.
Ұсынылып отырған түзетулер тек қоғамдық орындарда есірткі заттарын тұтынуға және оларды өткізу мақсатынсыз аз мөлшерде сақтауға қатысты екенін атап өткен жөн.
Есірткі заттарын өндіру, тасымалдау, жөнелту және өткізу, есірткі зертханаларының қызметі, есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастыру және оған басқа адамдарды тарту бұрынғыдай қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен өткізушілер үшін жауапкершілікті жеңілдету көзделмейді.
Ұсынылып отырған тәсіл кінәлі адамдарды жауапкершілікке неғұрлым жедел тартуға, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және құқық қорғау органдарының негізгі күш-жігерін есірткінің заңсыз айналымымен айналысатын желілерді анықтауға, жасырын зертханалардың қызметін тоқтатуға және есірткі заттарын жеткізу арналарының жолын кесуге шоғырландыруға мүмкіндік береді.