Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
Келісімнің мақсаты — Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының аумағында уақытша немесе тұрақты болатын азаматтар үшін рәсімдерді жеңілдету, жүргізуші куәліктерін өзара тануды қамтамасыз ету, сондай-ақ көліктік, туристік және іскерлік байланыстарды дамыту.
Жобаға сәйкес, Қазақстан мен Қытай азаматтары белгіленген шарттар сақталған жағдайда, жеңіл көлік құралын басқару үшін тараптардың аумағында қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалана алады.
Уақытша болатын азаматтарға емтихандар тапсырусыз және медициналық қарап-тексеруден өтпей, елге кірген күннен бастап бір жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқаруға рұқсат алу мүмкіндігі көзделеді.
Тараптардың аумағында бір жылдан астам уақыт бойы тұрақты тұратын азаматтар ұлттық жүргізуші куәлігін белгіленген санаттар шеңберінде емтихан тапсырмай тұрған елдің тиісті куәлігіне алмаса алады.
Сондай-ақ Келісім Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі болып табылатын құзыретті органдардың жүргізуші куәліктерінің түпнұсқалығын және жарамдылығын тексеру, сондай-ақ қажетті ақпарат алмасу мәселелері бойынша өзара іс-қимылын көздейді.
Келісімді іске асыру әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, екі ел азаматтарының өзара жүріп-тұруын жеңілдетуге және жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық немесе өзге де салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер етпейді.
Жобаның мәтінімен нормативтік құқықтық актілердің ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында танысуға болады: Ашық НҚА | НҚА (egov.kz).