«2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
2010 жылғы 11 маусымда Ташкент қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қол қойылды.
Келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 маусымдағы № 664 қаулысымен бекітілді.
Келісім құқық қорғау органдарының қылмыстардың алдын алу, олардың жолын кесу, анықтау және ашу бойынша тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, оның ішінде ұйымдасқан топтар жасаған қылмыстарға қарсы күресті көздейді.
ШЫҰ Хатшылығы трансшекаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, электрондық дәлелдемелерді сақтау және виртуалды активтер арқылы қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы күрес, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, оның ішінде қару-жарақты заңсыз өндіру мен айналымы саласындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бастама етті, бұл туралы Хаттама жасалды.
Негізгі өзгерістердің мазмұны:
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы немесе оларды пайдалану арқылы жасалған қылмыстардың түрлері мен тәсілдері нақтыланды, оның ішінде жасанды интеллектінің көмегімен жасалған қылмыстар да қамтылды;
- кейінге қалдырылмайтын сұрауларды орындау, сондай-ақ виртуалды активтермен жасалған операциялар туралы ақпарат алмасу арқылы ынтымақтастық нысандары толықтырылды;
- сұрау салуларды жолдау тәртібі, нысаны және орындау мерзімдері өзгертілді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою қылмыстардың түрлері мен оларды жасау тәсілдерін жаңартып, нақтылауға, кейінге қалдырылмайтын сұрауларды орындауға, сондай-ақ виртуалды активтермен жасалатын операциялар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен «2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысының жобасы әзірленді.
Хаттамаға қол қою республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді.
Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және заңнамасына сәйкес келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейді.
Жобаның мәтінімен Ашық НҚА/НҚА (egov.kz) Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында танысуға болады.
Сіздерді осы жобаны жария талқылауға қатысуға шақырамыз.