«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік және құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ

     Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында қауіпсіздік және құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы жобасын (бұдан әрі – Қаулы жобасы) әзірледі.

     Қаулы жобасы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес дайындалды.

     Әзірленіп жатқан үкіметаралық Келісімнің мақсаты – «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (бұдан әрі – Орталық) аумағында қауіпсіздік және құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы құзыретті органдары өзара іс-қимылының тиімді құқықтық механизмін құру.

     Келісімнің негізгі ережелері:

  • жәрдем көрсету туралы сұрау салуларды жіберу және орындау тәртібін, соның ішінде шұғыл байланыс арналарын (4-бап);
  • Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен сұрау салуларды жедел және жан-жақты орындау механизмдерін (5-бап);
  • сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту негіздерін (6-бап);
  • құпиялылық режимін, мәліметтерді, соның ішінде қолжетімділігі шектелген ақпаратты пайдалану және беру шартын (7 және 11-баптар);
  • Орталық аумағында құқық бұзушылықтар жасады деп күдіктелген және айыпталған адамдардың ізіне түсу (қудалау) тәртібін (8-бап);
  • күзетпен ұстау, мемлекеттік шекараны кесіп өту қағидаларын және әкімшілік немесе қылмыстық процеске қатысушылардың болу шарттарын (9 және 10-баптар);
  • Орталықта болу мерзімдерін есептеу, дауларды шешу, шығыстарды бөлу механизмдерін және Келісімнің күшіне ену тәртібін (12, 14, 15 және 17-баптар) регламенттейді.

     Қаулы жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, өйткені егер өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптардың әрқайсысы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды өз бетінше көтереді (15-бап). Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе экологиялық салдарға әкеп соқтырмайды және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді.

     Жобаның мәтінімен Ашық НҚА|НҚА (egov.kz) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында танысуға болады.

     Осы жобаны жария талқылауға қатысуды сұраймыз.