«Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 1040 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрық жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
Жоба бұйрық Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы «Цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және инновациялық технологияларды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жобада барлық санаттағы электрмобильдер үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің жаңа үлгілерін енгізу көзделеді.
Сондай-ақ көлік құралдарының санаттары мен олардың тиесілілігін ескере отырып, электрмобильдерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін ресімдеуге, сыртқы көрінісіне және айырым белгілеріне қойылатын талаптар белгіленеді.
Жобада сондай-ақ шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың, шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың көлік құралдары, сондай-ақ тіркемелер, жартылай тіркемелер және мотокөлік құралдары пайдаланатын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің жекелеген үлгілерінің әріптік серияларын кеңейту көзделеді.
Бұйрық жобасын қабылдау электрмобильдерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің бірыңғайлығын қамтамасыз етуге, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу процестерін тиімді әкімшілендіруге және қолданыстағы нөмірлік ресурстың таусылу тәуекелін болдырмауға мүмкіндік береді.
Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық немесе өзге де салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер етпейді.
Жобаның мәтінімен нормативтік құқықтық актілердің ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында танысуға болады: Ашық НҚА | НҚА (egov.kz).
Сіздерді осы жобаны жария талқылауға қатысуға шақырамыз.