«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» Ішкі істер министрлігі бұйрығының жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ

     Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдардың бос уақытын ұйымдастыру тәртібін реттейтін жекелеген бұйрықтарға өзгерістер әзірледі.
     Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы №819 «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына рұқсат етілген үстел ойындарының тізбесінен «нарды» ойынын алып тастау ұсынылады.
Аталған ойынның құмарлық сипаты басым болғандықтан, сотталғандар арасында түрлі жанжал туындауына ықпал етіп, оларды қоғамдық еңбекке, оқытуға, мәдени-тәрбиелік іс-шараларға және психологиялық жұмысқа қатысудан алаңдатады.
     Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі №505 «Қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларының ішкі тәртіп қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына рұқсат етілген үстел ойындарының тізбесіне «тоғызқұмалақ» ұлттық ойынын енгізу ұсынылады.
«Тоғызқұмалақ» стратегиялық-зияткерлік сипатқа ие, құмар ойын элементтері жоқ, логикалық ойлау мен зейінді дамытады. Сондай-ақ сотталғандардың әлеуметтенуіне және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
     Ұсынылып отырған өзгерістер құқықтық тәртіпті нығайтуға, ұстау режимін қамтамасыз етуге және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.