ПРЕСС-РЕЛИЗ

     Ішкі істер министрлігі жастар арасындағы киберқылмыспен, оның ішінде «сваттинг» деп аталатын (теракт, жарылғыш зат қойылды немесе өзге де төтенше оқиғалар туралы жалған хабарламалар) құқыққа қайшы әрекеттермен күрес мәселелеріне ерекше назар аударады.

     Қоғамдық тәртіпті тұрақсыздандыруға және халықты үрейлендіруге бағытталған мұндай заңсыз әрекеттерді анықтау және жолын кесу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысқа, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттер арасында деструктивті интернет-трендтердің таралуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді.

     Мемлекет басшысының тапсырмаларынан үзінді:
     Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда. Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез-келген заңсыздыққа қарсы болуы керек...

     Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің жедел-іздестіру шаралары барысында мектептер мен сауда-ойын-сауық орталықтарын миналау туралы жалған хабарламалар таратқан адамдар анықталып, ұсталды.

     Мәселен, ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы ІІМ Киберполиция қызметкерлері Чечен Республикасының ІІМ-мен бірлесіп, Қазақстан аумағында теракт туралы жалған ақпарат таратқан Ресейдің кәмелетке толмаған азаматын анықтап, ұстады.

     14 қазанда Қазақстан Республикасы ІІМ және Ресей Федерациясы ІІМ-нің Саха (Якутия) Республикасы бойынша бөліністері бірлескен операция жүргізіп, интернеттің ресейлік сегментінде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдар мен теракт туралы жалған хабарламалар таратқан, Астана қаласының кәмелетке толмаған тұрғынын ұстады. Ол көрсетілген қылмыстарды Қазақстан және Ресей аумағында жасағаны үшін күдікке ілінген.

- 25 қазанда Ақтау қаласында «Telegram» мессенджері арқылы «Ақтау» сауда орталығына мина қойылғаны туралы хабарлама жасаған 18 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
- Жамбыл облысы ПД қызметкерлері 14 қарашада Тараз қаласының кәмелетке толмаған тұрғынын ұстады. Ол қаладағы мектептер мен сауда орталығында жарылғыш заттың қойылғаны туралы 3 жалған хабар бергені үшін күдікті деп танылды.
- 15 қарашада Ақтөбе қаласында 2012 жылы туған жергілікті кәмелетке толмаған бала 3 мектепте теракт дайындалуда деген жалған хабарламаларды тарату күдігімен ұсталды.
Аталған барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

     Жауапкершілік және ескерту:
ІІМ еске салады: сваттинг және төтенше жағдайлар туралы кез келген жалған хабарлама ауыр қылмыс болып саналады және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

     Министрлік ата-аналарды, педагогтарды және жастардың өзін жауапкершілікке шақырады – күмәнді интернет-трендтерге ермеуге және мұндай «әзілдердің» қоғамға да, жасөспірімдердің тағдырына да шынайы зиян келтіретінін есте сақтауға үндейді.

     ІІМ ескертеді: сваттингтің барлық фактілері қатаң түрде тоқтатылатын болады.