ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ ТІРЕГІ

ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ ТІРЕГІ

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Ішкі істер министрлігінде ұлттар арасындағы татулық пен ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау мақсатында «Татулық – достық тірегі» атты іс-шара өтті.

Бұл шара Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылған болатын.

Шараға жиналғандар, алдымен 26 сәуір күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен дөңгелек үстелде бас қосты. Оған Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, өңірлерде ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген қазақ тілін жетік білетін жиырмадан астам өзге ұлт өкілі, аумақтық ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тіл бөліністерінің мамандары қатысты.

 – Қазақстан – жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Біздің басты ұранымыз – бірлік пен татулық! Осы бірліктің арқасында еліміз берекеге кенелді, әлемдегі ірі мемлекеттермен иық теңестірді. Мемлекеттік тілге айрықша мәртебе бердік. Осы бір тарихи сәтте Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Бұл қанатты сөзді Қазақстан халқы қолдап, бүгінде мемлекеттік тілді меңгерушілердің қатары көбейді. Соның ішінде ішкі істер саласында да қазақ тілін жетік меңгергендер саны артты. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау және олардың тәжірибелерін іс жүзінде қолдану, сол арқылы полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген ынта ықыласын арттыру. Әр өңірден осы шараға арнайы келген өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүргендері үшін өзімнің және Министрлік басшылығы атынан зор алғыс айтамын! – деді жиында алдымен сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Р. Жақыпов.

 Дөңгелек үстелде талқыланған тақырып аясында  Солтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Гариф Хамзаев, Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің аға маманы, ефрейтор Денис Яковлев, Ақтөбе облысы ІІД Алға ауданы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Федор Бошков, Батыс Қазақстан облысы ІІД-нің инспектор-кезекшісі, полиция аға лейтенанты Николай Горбунов және басқалары қазақ тілінің мәртебесін көтеру, насихаттау, қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өз ойларын ортаға салды, бүгінгі қоғамдағы рухани жаңғыру сияқты өзекті тақырыптар бойынша да әңгіме қозғады. Қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдану тәжірибелерімен бөліскендер де аз болған жоқ. Сонымен бірге сөз арасында ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін нақышына келтіріп орындаған Денис Яковлев жиналған қауымның ризашылығына бөленді.

Жиын соңында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мемлекеттік тілді дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген қызметкерлерді министрдің атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
 Бұдан соң әр өңірден келген өзге ұлт өкілдері ҚР Ұлттық музейіне экскурсия жасап, қазақ елінің тарихына қатысты құнды жәдігерлермен танысты.

Ертеңінде олар Ішкі істер министрлігі орталық апаратының қызметкерлерімен кездесіп, министрліктің мұражайын аралады.

Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі