Түркістан облысында дронның көмегімен 7 тоннаға жуық заңсыз төгілген қоқыс табылды

Түркістан облысында полицейлер дрон арқылы жүргізілген бақылау барысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен тұрғынды анықтады.
Сайрам ауданындағы Дала базар көшесінің бойындағы ашық алаңға тұрмыстық қалдықтарды төккен 42 жастағы ер адамның әрекеті әшкереленді. Заңсыз төгілген қоқыстың жалпы көлемі 7 тоннаға жуық.
Аталған дерек бойынша тұрғынға қатысты тиісті әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар ол өзі төккен қалдықтарды жинап, аумақты тазалады.
Полиция қоршаған ортаның тазалығын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Заманауи бақылау құралдары заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Полиция белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды төгу заң талаптарына қайшы екенін ескертеді. Әрбір тұрғын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты сақтауы тиіс.