Пресс-релиз: Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалардың букмекерлік кеңсенің шотына аударылған қаражаттарын қайтару мәселесі бойынша

Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің (бұдан әрі – Комитет) 2024 жылғы 15 қарашадағы баспасөз релизін қате түсіну нәтижесінде кейбір БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі – ББТ) тұрған тұлғалар Комитетке букмекерлік кеңселердің шотына аударылған ақшалай қаражатты қайтарып алу туралы өтініш бере алатындығы туралы қате ақпарат таралуда.
«Ойын бизнесі туралы» Заңның 15-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ББТ-ға енгізілген адамдарға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салынған.
Заңды бұзғаны үшін ойын бизнесін ұйымдастырушылар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 444 (үшінші, төртінші және бесінші бөліктері), 445, 445-1, 455 (1-1 бөлігі) және 464-баптарына сәйкес жауапты болады. Бұл ретте көрсетілген әкімшілік жауапкершілік аударылған қаражатты мәжбүрлеп қайтарып алуды көздемейді.
Азаматтар ББТ-да тұрған тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге рұқсат беру фактілері туралы Комитетке хабардар етуге құқылы. Расталған және жеткілікті дәлелдемелер ұсынылған жағдайда Комитет белгіленген тәртіппен құқық бұзған субъектіге жоспардан тыс тексеріс жүргізуге бастамашылық жасайды. Бақылау қорытындысы бойынша Комитет құқық бұзған субъектінің жауапкершілік дәрежесі туралы шешім қабылдайды.
Сонымен қатар Комитет ББТ-да тұрған азаматтарды саналы болуға және құмар ойындар мен бәс тігуге қатыспауға шақырады.
Комитет букмекерлік кеңселердің аккаунтына аударылған бәс тігуге қатысушылардың қаражатын қайтару қызметін жүргізуге уәкілетті емес екенін және мұндай қызметті жүзеге асырмайтынын тағы да атап өтеді.
Мұндай фактілер бойынша наразылықтар болған жағдайда, бәс тігуге қатысушылардың азаматтық құқықтары мен мүдделерін қорғауды тұтыну дауларын сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асырады.
Ойын бизнесін ұйымдастырушылармен дау сотқа дейін тәртіппен реттелмеген жағдайда, азаматтар Азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.
Осыған орай, ББТ-да тұрған азаматтардың назарына Кәсіпкерлік кодексінің 18-бабына сәйкес және Комитетте мұндай өкілеттіктер мен құзыреттердің болмауына байланысты букмекерлік кеңселердің аккаунттарына аударылған ақшалай қаражатты қайтару туралы өтініштер қанағаттандырылмайтынын хабарлаймыз.
Сонымен қатар азаматтарды сақ болуға, осы сілтеме арқылы қол жетімді тізімдегі лицензияланған букмекерлік кеңселердің сайттарында ғана тіркелуін сұраймыз https://www.gov.kz/memleket/entities/olr/documents/details/736429?lang=kk