Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жаңа бастығы таныстырылды

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жаңа бастығы таныстырылды
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысының бас полицейі лауазымына полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысының активіне және Полиция департаментінің жеке құрамына жаңа бастықты ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов таныстырды.
Омарбеков Ерлан Болатұлы 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Әр түрлі басшы лауазымдарда, соның ішінде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы болып қызмет етті.
Кездесу барысында Ержан Саденов қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының бағыттарының бірі ретінде жүйеішілік өзгерістерге жеке тоқталды.
Атап айтқанда, сотқа дейінгі процесті оңтайландыру, кадр саясатын қайта қарау, ішкі конкурстық іріктеуді енгізу негізінде қызметкерлерді ілгерілету тәртібі, қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсарту, материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі шараларға тоқталды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі