Петропавлда электрвелосипедті мас күйде басқарған ер адам 20 тәулікке қамалды

Кешкі уақытта Петропавл қаласындағы Воровской көшесінде қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері электрвелосипедті алкогольдік мас күйде басқарған Ақмола облысының 37 жастағы тұрғынын тоқтатты. Құқық бұзушы дереу ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады. Ер адамның көлік құралдарын басқару құқығы болмағандықтан, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Полиция департаменті электрвелосипедті мас күйде басқару ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе қараңғы уақытта жоғары жылдамдықпен жүру және қорғаныс құралдарын пайдаланбау жүргізушінің өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңда қатаң жауапкершілік көзделген. Жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуға тиіс.