Биыл алғашқы 10 айда Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымды 4,1 млрд долларға жеткізді.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға көп. Енді екі ел алыс-берісті 10 млрд долларға дейін көбейтуге ниетті. Бүгін Ташкентте қазақ-өзбек өңіраралық бизнес форумы өтті. Іскерлік кездесуге Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин қатысты. Бірқатар облыстың басшылары мен ірі бизнес құрылым өкілдері де Өзбекстан астанасына арнайы ат басын бұрды. Бизнес форум аясында 40 құжатқа қол қойылды. Экспорттық және импорттық келісімдер орнады. Үкімет өкілдері өнеркәсіптік кооперацияға ерекше басымдық берді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі:
- Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік кооперацияға 38 жоба енді. Жалпы сомасы 2,2 млрд долларды құрайды. 11 мың жұмыс орны ашылады. Соның ішінде 10 бірлескен жоба жүзеге асырылды, жартысы Қазақстанда, жартысы Өзбекстан аумағында іске қосылды. Қазір құны 8 миллиард доллардан асатын 28 жоба пысықталу үстінде.