Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығы құрылады. Бұл туралы Өзбекстан-Қазақстан өңіраралық бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Turantimes.kz МИА «Казинформ»-ға сілтеме жасай отырып.
«Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасын жедел іске асыру өнеркәсіптік кооперация және үшінші елдердің нарықтарына экспорттау үшін бірлескен өнім құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Орталық тиімді өнеркәсіптік өзара іс-қимылдың үлгісі ғана емес, сонымен қатар белсенді дамып келе жатқан «Солтүстік – Оңтүстік» Орталық Азия экономикалық дәлізінің басты алаңы болады», - деді Жұманғарин.
Министр елдеріміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, 2005 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсанына дейін Өзбекстаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23 млн долларды құрады, бұл ретте Өзбекстан экономикасына қазақстандық инвестициялардың инвестициялары осы кезеңде 560 млн АҚШ долларын құрады.
«Орталық Азия өңірі халықаралық капиталды тарту мәселелерінде біртұтас майдан болуға тиіс. Қазақстан қазірдің өзінде «Астана», алықаралық қаржы орталығының алаңын, инвестициялық преференцияларды қамтитын барлық қажетті инфрақұрылымды құрды. Біз өңірімізге инвесторлар үшін қақпа болуға дайынбыз», - атап өтті Серік Жұманғарин.