Қазақстан Мәскеудегі халықаралық конференцияда тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәжірибесін таныстырды
2026 жылғы 8–9 қазанда Мәскеуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) қолдауымен Роспотребнадзор ұйымдастырған «Цифрлық дәуірде тұтынушылардың құқықтарын қорғау» атты бірінші халықаралық конференция өтуде. Іс-шара тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, электрондық саудаға деген сенімді нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған.
Пленарлық отырыс аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов «Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибесі: институттарды дамыту және цифрлық шешімдер» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада Қазақстандағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бизнестің өзара іс-қимылына негізделетіні атап өтілді. Тұтынушылық көңіл күйді мониторингтеу мақсатында әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіледі. Олардың нәтижелері Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте қаралып, жұмыстың басым бағыттарын айқындау үшін пайдаланылады.
Жүйенің одан әрі дамуы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасымен байланысты. Комитет төрағасы ұсынылып отырған негізгі өзгерістерді атап өтті: омбудсмен институтын енгізу, қоғамдық бірлестіктердің рөлін күшейту, бұзылған құқықтарды қорғау тәртібін жеңілдету, наразылықтарды беру мен қараудың цифрлық тетіктерін дамыту. Маркетплейстер жұмысының ашықтығын арттыруға және электрондық саудаға қатысушылардың міндеттерін нақты ажыратуға ерекше назар аударылды.
Баяндаманы қорытындылай келе, трансшекаралық саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай тетігін әзірлеу үшін мүдделі елдердің қатысуымен бірлескен талқылаулар өткізу қажеттігі атап өтілді.
Ұсынылған бастамалар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың нарыққа, соның ішінде оның цифрлық форматтарына деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А.А. Бижанованың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүргізілген халық арасындағы әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері туралы баяндамамен ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.А. Танабергенов сөз сөйледі.
Отырыс барысында салалық мемлекеттік органдардың өкілдері көрсетілетін қызметтердің сапасына және азаматтардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін мәселелер кешенін, сондай-ақ қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Атап айтқанда, байланыс және телекоммуникация саласында мобильді байланыс пен ғаламтор сапасын арттыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ тарифтік жоспарларды өзгерту және абоненттік төлемді есептен шығару тәртібі мәселелері қаралды;
Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, санитариялық талаптарды және медицина персоналының кәсіби этикасын сақтау жолдары талқыланды;
Коммуналдық қызметтер тарифтерін қалыптастыру мен есептеулердің ашықтығы, есепке алу аспаптарын тексеру, электр және газбен жабдықтаудың сенімділігі, сондай-ақ МИБ мен ПИК қызметі мәселелері бөлек қозғалды;
Оқыту курстары мен білім беру орталықтарының қызметін реттеу тәсілдері, соның ішінде қаражатты қайтару шарттарының ашықтығы мен кәсіби стандартты әзірлеу ұсынылды;
Отырысты қорытындылай келе, Төрағалық етуші А.А. Бижанова жекелеген шағымдармен ғана шектелмей, қайталанатын бұзушылықтардың түпкі себептерін жүйелі түрде жоюға көшу қажеттігін атап өтті.
Отырыс нәтижелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға түсетін өтініштерге терең талдау жүргізу, жетекшілік ететін салалардағы қиындықтарды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеу және көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылды.
ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне ұсынымдардың орындалуына мониторингті қамтамасыз ету және алынған нәтижелерді Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайынғы баяндаманы дайындау кезінде ескеру тапсырылды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде алқа отырысы өтіп, онда Комитет пен аумақтық департаменттердің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары шығарылды.
Қатысушылар азаматтардың өтініштерімен жүргізілген жұмыстың нәтижелерін, бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шараларын, тұтынушылардың экономикалық мүдделерін қорғауды, резонанс тудырған істерді, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің рейтингтік бағалау қорытындыларын қарады.
2026 жылдың алты айында Комитет пен аумақтық департаменттер 47 мыңға жуық өтінішті қарады.
Өтініштерді қарау нәтижелері
– 15 мың тұтынушының талаптары қанағаттандырылды, бұл 32,0%-ды құрайды;
– 15,4 мың тұтынушыға консультациялар беріліп, құқықтық көмек көрсетілді, бұл 32,8%-ды құрайды;
– 12 мың тұтынушының мәселелері (25,8%) бірлесіп пысықтау үшін құзыретіне сәйкес бейінді мемлекеттік органдарға жолданды.
Өтініштер көбінесе бөлшек саудаға — 18,4 мың немесе 39,1%, электрондық саудаға — 9,7 мың немесе 20,6%, тұрмыстық қызметтерге — 4 мың немесе 8,6%, ТКШ-ға — 2,9 мың немесе 6,3%, сондай-ақ байланыс қызметтеріне — 1,1 мың немесе 2,4% қатысты.
Өңірлік динамика
Ең көп өтініш Алматы қаласының департаментіне — 9 064, Астана қаласының департаментіне — 6 221 және Шымкент қаласының департаментіне — 4 411 өтініш түсті.
Бұзушылықтардың алдын алу және оларға ден қою
Тұтынушылардың өтініштері негізінде аумақтық департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне 776 тексеру жүргізді, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде 618 тексеру жүргізілген.
Тексеру нәтижелері бойынша 892 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17,3 млн теңгені құрады.
Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтары қорғалып, сондай-ақ жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге тауарларды айырбастау және ауыстыру қамтамасыз етілді, бұл 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштен 15,3%-ға артық.
Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыға «Tuha Development» ТҚК-мен үлестік қатысу шарты бойынша ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдемдесті. Мамандар шартқа құқықтық талдау жүргізіп, тараптарға заңнама нормаларын түсіндірді және кооперативпен келіссөздер ұйымдастырды. Нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушыға 14 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Шымкент қаласында «Канфар Бюлдинг» ЖШС-нен сатып алынған пәтерден елеулі кемшіліктерді анықтаған тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді. Департамент жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша құрылыс салушы тұтынушыға пәтер үшін төленген 15,1 млн теңгені қайтарды.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Департаменттің 24 тұтынушының құқықтарын қорғау мақсатында берген талап қоюы бойынша сот «QUALITY EVENT» ЖШС-ін «MyFest» іс-шарасының өткізілу орны өзгертілуіне байланысты қатысушыларға 1,5 млн теңге қайтаруға міндеттеді.
Сонымен қатар «Сапалы Өнім» жобасы аясында сапасыз және қауіпті өнімдерді анықтау бойынша жұмыс қорытындылары шығарылды. Алты айдың қорытындысы бойынша 874 өнім түрінің 623 атауында бұзушылықтар анықталды, оның ішінде бұзушылықтардың 84%-ы таңбалау талаптарына сәйкессіздікке, ал 16%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты.
Анықталған фактілер бойынша 462 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданды.
Отырыс қорытындысы бойынша аумақтық департаменттер жұмысының негізгі міндеттері мен басым бағыттары айқындалды.
Бірінші жартыжылдықтың нәтижелері Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің жүйелі жұмысын көрсетеді. Қабылданып жатқан ден қою шаралары, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру және өнім сапасын бақылау қолданыстағы қорғау тетіктеріне деген сенімнің артқанын көрсетеді. Сонымен бірге тиімділікті, ашықтықты және жауапкершілікті арттыру арқылы өңірлердегі жұмыс нәтижелерін теңестіру қажеттілігі сақталуда.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмысы жалғасуда. Комитеттің басты назарында азаматтардың құқықтары, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы қалып отыр.
Қазақстанда 2025 жылдан бастап ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялауға қатысты талаптар енгізілді. Бұл бастама елімізде жасалған немесе сырттан әкелінген құрылғылардың Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде пайдаланылуының заңдылығын растауға бағытталған.Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес верификациялау (тексеру) процесі:
Ұялы байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорындағы ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сәйкестендіруді;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын өндіру және (немесе) жөндеу туралы мәліметтердің және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамасына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу туралы мәліметтердің мониторингін қамтиды.
2026 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңадан қабылданған шаралар байланыс саласындағы заңнаманы жетілдіруге, соның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және интернет пен телефон арқылы алаяқтықты анықтау мен бейтараптандыру бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары енді тиісті емес сападағы тауарлар ретінде жіктеледі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес, мұндай құрылғыны сатып алған тұтынушы өз таңдауы бойынша:
сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
соған ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;
сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды;
шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Алайда, тұтынушы жоғарыда аталған талаптарды тек сатушыға ғана қоя алады.
Сондай-ақ Заңмен сатушының тауардың тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне қатысты қосымша талап енгізілді. Енді ол ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сату кезінде верификациялау мәртебесін тексеру үшін тұтынушыға осы тауардың сәйкестендіру кодын беруге міндетті болады.
Тиісті өзгерістер «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да енгізілді.
Заң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатуға тыйым салады.
Сатушы мұндай тауарды өткізгенге дейін сәйкестендіру кодтарының дерекқоры арқылы өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарын шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеруге міндетті.
Осы талап электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде де сақталуы тиіс. Электрондық сауда алаңдарының иеленушілері сатушы мен электрондық сауда алаңы арасында жасалатын шарттарға сатушылардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын сату алдында тауарды сәйкестендіру кодтарының дерекқорында шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеру міндетін қосуға тиіс.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сатушы тауарды сату кезінде оны сатып алу фактісін растайтын құжатты беруге міндетті. Мұндай құжат ретінде тауарды иелену фактісін растайтын құжат – қағаз немесе электрондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат бола алады. Енді сатушы мұндай құжаттарда өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті болады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 20 маусымда «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде алғаш рет ресми жарияланды және күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2026 жылғы 28 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығында XIV Халықаралық «Антиконтрафакт-2026» форумы аясында «Жалған өнімсіз ЕАЭО: интернет-саудадағы тұтынушыларды қорғау технологиялары» тақырыбында пікірталас сессиясы өтті.
Іс-шараны Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Сессия барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Танабергенов Булат Амангелдіұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде Қазақстанда электрондық сауданың қарқынды дамып келе жатқанын және осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жаңа сын-қатерлер туындап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар онлайн-сауданың белсенді өсуі жағдайында тұтынушылардың контрафактілік өнімдер мен адал емес сатушылар алдында осал болып отырғаны айтылды.
Сондай-ақ маркетплейстерге қойылатын талаптарды күшейтуге, шағымдарды қабылдау және қарау қызметтерін дамытуға, электрондық сауданың ашықтығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заманауи цифрлық құралдарын енгізуге бағытталған тәсілдер таныстырылды.
Сессияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, бизнес өкілдерінің және ірі маркетплейстердің өкілдері қатысты. Қатысушылар контрафактілік өнімдердің таралуына байланысты электрондық сауда саласындағы заманауи сын-қатерлерді, сондай-ақ цифрлық ортада тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін талқылады.
Іс-шара барысында интернет-сауданы реттеуді жетілдіру, тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесін дамыту, құқық бұзушылықтарды анықтауда жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын қолдану, сондай-ақ заңсыз өнімдерді өткізгені үшін онлайн-платформалардың жауапкершілігі мәселелері қарастырылды.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және электрондық сауда саласында тұтынушылардың қауіпсіздігі мен сенімін арттыруға бағытталған цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
2026 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша 22 мыңнан астам өтініш қаралды. Өтініштердің көбеюі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының күшеюімен және азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуымен байланысты екені атап өтілді.
Өтініштердің ең жоғары үлесі бөлшек саудаға тиесілі – 8,5 мың (38%). Одан кейін электрондық сауда – 4,1 мың (18,3%), тұрмыстық қызметтер – 2 мың (9,1%), ТКШ – 1,6 мың (7,3%), байланыс қызметтері – 704 (3,1%). Цифрландыру және тұтынушылық сұраныстың белсенділігі аясында электрондық сауда бойынша өтініштер үлесі өсуді жалғастырып отырғаны, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту үшін мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен шараларын қажет ететіні ерекше атап өтілді.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша 7,3 мың өтініш (32,6%) бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды, 7,2 мың өтініш (31,8%) бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, түсіндірулер берілді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде 5,7 мың өтініш (25%) құзыреті бойынша бейінді мемлекеттік органдарға жолданды, шамамен 2,5 мыңы (11%) қаралу үстінде немесе өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылған.
Жеке блок мемлекеттік бақылау құралдары арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мәселелеріне арналды. 2026 жылдың 1 тоқсанында аумақтық департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 308 тексеру жүргізді.
Тексерулер қорытындысы бойынша жалпы сомасы 12 022 606 теңгеге 430 әкімшілік іс қозғалды – шағымға жазбаша жауап бермеу, тауарды айырбастаудан/қайтарудан бас тарту және «тұтынушы бұрышының» болмауы фактілері бойынша. Алматы қ. департаменттерінің белсенді жұмысы (172 айыппұл), Астана қ. (46 айыппұл) және Түркістан облысы (36 айыппұл) ерекше атап өтілді.
2026 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтары (қайтару, айырбастау, ауыстыру) жалпы сомасы 405,6 млн теңгеге қорғалды.
Қоғамдық бақылау құралдары арқылы сапасыз және қауіпсіз емес өнімді анықтауға бағытталған жұмыс жалғасуда: 2026 жылдың 1 тоқсанында барлық өңірлерде өнімнің 363 түрі сатып алынып, 179 түрі (49%) бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 138-і (77%) – таңбалау бойынша және 41-і (23%) – санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша.
Анықталған бұзушылықтар бойынша 136 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды (46 – ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы, 90 – ҚР ӘҚБтК-нің 203-бабы).
Комитет сондай-ақ ақпараттық-ағартушылық жұмыстың жалғасатынын хабарлады: 2025 жылы БАҚ-та тұтынушылардың құқықтарын қорғау тақырыбы бойынша 1370-тен астам материал жарияланып, 80-нен астам бейнематериал орналастырылды, 45-тен астам сұхбат дайындалды.
Комитет тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру және әрекет ету тетіктерін жетілдіру бойынша жұмысты, оның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бағыттарын одан әрі жалғастырады.
15 наурыз Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні. Бұл күн тауар сатып алған немесе қызметке тапсырыс берген әрбір адамның тек міндеттері ғана емес, сонымен қатар заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін еске салады.
Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Аталған заң тұтынушылардың қауіпсіз және сапалы тауарлар мен қызметтерді алуына, сондай-ақ сатып алушылармен әділ қарым-қатынас жасауға кепілдік береді.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 11 және 13-баптарына сәйкес, әрбір тұтынушы тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіз әрі, сапалы болуын талап етуге құқылы. Яғни, сатылымға ұсынылатын өнімдер белгіленген талаптарға сай болуы және тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс.
Тұтынушылар үшін толық әрі шынайы ақпарат алу құқығы да маңызды. Заңның 25-бабына сәйкес, сатушы немесе орындаушы сатып алушыға тауар немесе қызмет туралы қажетті мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Бұл мәліметтерге өндіруші туралы ақпарат, құрамы, жарамдылық мерзімі, пайдалану ережелері, бағасы және кепілдік міндеттемелері кіреді. Мұндай ақпараттың болуы тұтынушыға саналы әрі қауіпсіз таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заңнама азаматтардың тауарлар мен қызметтерді еркін таңдау құқығын қамтамасыз етеді. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 8-бабына сәйкес, сатып алушы тауарды немесе қызметті өз еркімен таңдауға құқылы, ал оның келісімінсіз қосымша тауарлар мен қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға жол берілмейді.
Егер сатып алынған тауардың сапасы тиісті деңгейде болмаса, тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабына сәйкес талап қоюға құқылы. Атап айтқанда, сатып алушы:
- төленген ақшаны толық қайтаруды;
- тауарды дәл сондай немесе ұқсас тауарға ауыстыруды;
-бағаны пропорционалды түрде төмендетуді;
- анықталған кемшіліктерді тегін жоюды талап ете алады.
Заң сонымен қатар азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндігін қарастырады. Заңның 42-2-бабына сәйкес, тұтынушы алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге, қажет болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе сотқа шағымдануға құқылы.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тұтынушыларға бірнеше қарапайым ережені ұстануды ұсынады:
1. чекті немесе сатып алуды растайтын өзге құжаттарды сақтау;
2. келісімшарт талаптарын мұқият зерделеу, әсіресе бөліп төлеу немесе интернет арқылы сатып алу кезінде;
3. тауардағы мүмкін болатын кемшіліктерді фото немесе бейне арқылы тіркеп қою.
Көп жағдайда туындаған дауды сатушыға жазбаша шағым жолдау арқылы сотқа дейінгі тәртіпте шешуге болатынын да ескерген жөн.
Егер тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда, азаматтар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне, сондай-ақ оның аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне жүгіне алады. Сонымен қатар, өз құқықтары мен мүдделерін сот тәртібімен қорғауға да құқылы.
2026 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қызметін жүзеге асыратын қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кеңес өтті. Кеңес Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Әсет Нусіповтың және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтың төрағалығымен өткізілді.
Кеңес барысында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.А. Танабергеновтің баяндамасы тыңдалып, онда Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының қазіргі жай-күйін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер ұсынылды.
Баяндама аясында тұтыну нарығындағы ең өзекті проблемалы секторлар бойынша, оның ішінде бөлшек және электрондық сауда, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы қызмет көрсету саласы бойынша талдамалық ақпарат берілді.
Кеңеске қатысушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының қаралу барысын, оның негізгі жаңашылдықтарын, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық талқылау шеңберінде келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді талқылады.
Кеңес барысында қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне, дауларды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу тетіктерін дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру шараларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов қатысушыларды заң жобасының ағымдағы мәртебесі, оның негізгі ережелері, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық талқылау барысында түскен ұсыныстар мен ескертулер туралы хабардар етті.
Өз сөзінде ол заң жобасын талқылауға белсенді қатысқандары үшін сондай-ақ, ұстанған принципті ұстанымы және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған тәжірибеге негізделген бастамалары үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдарға алғыс білдірді.
Жұмыс тобының жетекшісі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі артық көпсатылылықты жоюды көздейтін заңнамалық бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер рәсімдерді оңтайландыруға және тұтынушыларға құқықтарын қорғаудың ең тиімді тетіктерін — сотқа дейінгі реттеуден бастап сот органдарына жүгінуге дейін — еркін таңдауға мүмкіндік беруге бағытталған.
Сондай-ақ заң жобасының басым бағыттарының бірі ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту қажеттігі атап өтілді. Заң жобасында олардың өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ тұрақты материалдық ынталандыру тетіктерін қалыптастыру көзделген, бұл қоғамдық бірлестіктердің кәсіби деңгейін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға және тұтыну нарығында адал іскерлік тәжірибені қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жүйелі бірлескен жұмысын жалғастыру қажеттілігі расталды.