Ерсайын Нағаспаев Құрылтай депутаттарын Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің даму көрсеткіштері мен экономикадағы үлесі туралы инфографика.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ҚР Құрылтайындағы Үкімет сағатында депутаттарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Экономикадағы құрылымдық өзгерістерге басымдық беріліп отыр. Мәселен, 2024 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі тау-кен өндірісі өнеркәсібінің үлесінен асып түсті. Соңғы үш жылда саладағы өндіріс көлемі 14,5%-ға өсіп, инвестициялар екі есе ұлғайып, 3 трлн теңгеге жетті. Биылғы 10 айда өндіріс өсімі 9,3%-ды құрады. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі өндірісінің шамамен 40%-ы металлургия саласына тиесілі. Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – шикізатты терең өңдеу ісін арттыру және дайын өнім өндірісін дамыту. Қазақстанда ірі металлургиялық кәсіпорындарды алдымен отандық өңдеушілерді шикізатпен жеңілдікпен қамтамасыз етуге міндеттейтін, ал бұл міндеттеме орындалғаннан кейін ғана өнімді экспорттауға  рұқсат ететін тетік қолданылады.

«Бүгінде бұл тетік мыс, алюминий және мырыш сынды бірқатар металға қолданылады. Олар отандық өңдеушілерге нарықтағы бағадан 5%-ға дейінгі төмен бағамен сатылады. Шикізат өндірушілер мен өңдеушілер арасында 30 келісім, сондай-ақ мыс сым жеткізу бойынша 15 сауда келісімшарты жасалды. Осының нәтижесінде Алматыда радиатор, Шымкентте профиль, Жетісу облысында заманауи аккумулятор, ал Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылды. Жалпы, 2029 жылдың соңына дейін мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге, ал қорғасын өңдеуді 14%-ға арттыру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Түсті металдар концентраттарын өңдеу бойынша ынталандыру үшін арнайы әдістеме бекітіліп, заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленді. Мұндағы мақсат – отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық пайдалануға жағдай жасау және жаңа жобаларды қажетті шикізатпен қамту. Мәселен, 2030 жылға дейін Қарағанды және Абай облыстарында әрқайсысының қуаттылығы 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорындар осы тетік арқылы шикізатпен қамтамасыз етіледі.

Машина жасау саласында өндіріс көлемі үш жылда 22,4%-ға артып, 5,8 трлн теңгеге жетті. Саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 17%-дан асты. Оның шамамен 40%-ы автомобиль жасау секторына тиесілі. Бұл бағытта өндірісті локализациялауға және елімізде автокомпоненттер шығаруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында елімізде автокомпоненттер өндіретін жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Олардың қатарында Саран қаласындағы автомобиль шиналарын шығаратын, Алматыдағы жүк көліктеріне арналған құрамдас бөлшектер, мультимедиялық жүйелер мен автомобиль орындықтарын өндіретін кәсіпорындар бар. Сондай-ақ отандық өндірістегі Qarmet болатынан автобус шанағының бөлшектерін қалыптау жолға қойылып, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, цилиндр блоктары мен еден жабындарын өндіру ісі басталды.

Жыл соңына дейін Қостанайда қауқары жылына 60 мың дана автобөлшек шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу, ал Алматыда автомобильдердің электр сымдары шоғырларын, тежегіш және жанар май жүйелеріне арналған түтіктер өндірісін локализациялау жоспарланып отыр. Теміржол машиналарын жасау саласында дөңгелектер, вагон осьтері, бағыттамалы бұрмалар мен рельс бекітпелерін шығару жолға қойылды.

Отандық кәсіпорындар арасындағы кооперацияны одан әрі дамыту үшін биыл заңнамалық деңгейде салалық кластерлер құру тетігі көзделді. Қазіргі уақытта осындай кластерлерді құру шарттары мен мемлекеттік қолдау шараларын айқындайтын тиісті нормативтік құжат әзірленіп жатыр.

Министр химия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарын өндіру салаларында тұрақты өсім барын атап өтті.

Химия өнеркәсібінде өткен жылы өндіріс көлемі 10,5%-ға артса, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өсім 22%-ды құрады. Биыл қуаты 800 мың тоннаны құрайтын күкірт қышқылын өндіру жөніндегі ірі жоба іске қосылып, сондай-ақ полипропилен өндірісі де жолға қойылды. Келесі міндет – химиялық өнімдердің түрін көбейту және шикізатты терең өңдеу ісін ұлғайту. Осы мақсатта үш негізгі бағыт айқындалды: мұнай-химия, өнеркәсіптік химия және биохимия. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

«Отандық өндіріс есебінен тыңайтқыштарға деген ішкі сұраныстың жартысы қамтамасыз етіледі. Өндірістің жалпы көлемі 1 млн тоннадан асты. Сонымен қатар карбамид пен калий хлориді сияқты тыңайтқыштардың жаңа түрлерін өндіруді жолға қою жоспарланып отыр. Осылайша, 2030 жылға қарай өндіріс көлемін 4 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Құрылыс материалдарын өндіру көлемі үш жылда 23%-ға артты, ал биылғы 10 айдағы өсім 5,4%-ды құрады. Елімізде жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық плиткалар, ламинат және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылды. Ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнім есебінен қамтамасыз етілуде. Жалпы құны 975 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба айқындалды. Олар іске қосылса алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік болады.

Жеңіл өнеркәсіпте өткен жылы өндіріс көлемі 20%-ға, ал биылғы 10 айда 60%-ға өсті. Соңғы екі жылда инвестициялар көлемі екі есе артты. Саланы дамытудың кешенді жоспарында отандық өнімді жеткізу мерзімін 4 айға дейін ұзарту, барлық жеткізушілерге бірыңғай талаптар мен тең жағдайлар белгілеу, сондай-ақ отандық шикізатты пайдаланатын өндірушілерді қолдауды күшейту көзделген. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар және квазимемлекеттік компаниялармен 5 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мәселесі пысықталып жатыр. Шикізатты терең өңдеуді қамтамасыз ету үшін бірінші және екінші сұрыпты мақта талшығын экспорттауға квота енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұдан бөлек, өндірісті локализациялау жөнінде келісімдер жасасып, мемлекеттік қолдаудың есесіне локализациялаудың нақты көрсеткіштеріне қол жеткізу жөнінде өзіне тиісті міндеттемелер алатын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру және салықтық преференциялар ұсыну тетігі пысықталуда.

Осы шараларды іске асыру үшін заңнамаға қажетті түзетулер әзірленді. Жалпы, 2030 жылға қарай жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемін екі есе арттыру және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 20%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Қызмет бағыты