2010 жылдан бастап Қазақстанда жоғары өңімді және экспортқа бағытталған өңдеуші өнеркәсіпті қалыптастыруға бағытталған индустриялық-иновациялық саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оның іске асырылуы барысында өңдеуші сектор өнеркәсіптік өсудің негізгі драйверіне айналып, экономиканы әртараптандыру процесін бастауға қажетті базалық жағдайлар жасалды.
Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 2010 жылғы 31,8%-дан 2019 жылы 39,4%-ға, ал 2020 жылы 48,8%-ға дейін артты. Өнім шығару көлемі осы кезеңде шамамен үш есеге өсіп, 3,8 трлн теңгеден 11,6 трлн теңгеге дейін жетті.Саланың қосылған құн көлемі де 2,5 трлн теңгеден 7,9 трлн теңгеге дейін үш еседен астам ұлғайды. 2010–2019 жылдары өңдеуші өнеркәсіптің нақты өсімі 38,5% болды, оған металлургия, түсті металлургия, тамақ өнімдері өндірісі, химия өнеркәсібі және металл емес минералдық өнімдер өндірісі сияқты дәстүрлі салалар ықпал етті.
Индустрияландыру нәтижесінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады: жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, автобустар, жеңіл және жүк автомобильдері, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, жарықдиодты жабдықтар, титан құймалары мен слябтары, сондай-ақ түрлі фармацевтикалық өнімдер. Сонымен қатар халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті өнімдер қатары кеңейді: мыс бұйымдары, аккумуляторлар, радиаторлар, сусындар, кондитерлік өнімдер және басқа да қайта өңделген тауарлар елдің экспорттық әлеуетін нығайтты.
2018–2023 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіптің өнім шығару көлемі айтарлықтай артты. 2023 жылғы көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары болды. Өсімге ең үлкен үлес металлургия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және мұнай өңдеу салалары қосты. 2018-2023 жылдары өңдеуші өнеркәсіптің нақты көлем индексі 24,4%-ға өсті, оның ішінде кейбір бағыттар жоғары қарқын көрсетті: автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі 5 еседен астам (542%) өсті, басқа да көлік құралдары өндірісі 271%-ға артты, фармацевтикалық өнімдер – 178,7%, резеңке және пластмасса бұйымдары – 157,2%. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс ИФО-ның 4%-ға өсуі негізінен жиһаз өндірісі (28,7%), машина жасау (28,2%), жеңіл өнеркәсіп (12,2%), машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдары (12,1%) және құрылыс материалдары өндірісінің (7,4%) өсуімен байланысты болды.
2024 жылы Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі 5,9%-ға өсті. Ең үлкен үлесті техника мен жабдықтар өндірісін ұлғайтқан машина жасау саласы қосты. Сол сияқты теміржол машина жасау, электротехника, қара және түсті металлургия, сондай-ақ химия өнеркәсібі де оң өсім көрсетті.