Қазақстанда 2030 жылға қарай дәнді дақылдар егісіндегі отандық тұқым үлесін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр

Қазақстанда 2030 жылға қарай дәнді дақылдар егісіндегі отандық тұқым үлесін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр

Қазақстан дәнді дақылдар егісінде отандық тұқымдарды пайдалану үлесін қазіргі 43,7%-дан 2030 жылға қарай 80%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте импортты алмастыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде Қазақстандық селекция негізінде шығарылған, қолайсыз климаттық жағдайларға төзімді жаңа сұрыптар маңызды рөл атқарады. Оларды Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) ғалымдары әзірлеген.

Биыл елімізде дәнді дақылдар егілген 6,5 млн гектар алқапқа отандық тұқым себілді. Аграрлық сала өкілдерін өзімізде өндірілген сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мақсатында орталық ғалымдары 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ауыл шаруашылығы дақылдарының 109 жаңа сұрпы мен буданын шығарды.

Отандық ғылыми әзірлемелердің тиімділігі биылғы қуаңшылық жағдайда да тиімділігін дәлелдеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Ақмола облысындағы 150 мың гектар алқапқа егілген «Шортандинская 2012» бидай сұрпы гектарына 19–22 центнерден тұрақты өнім берді. Ал Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тауарлы егістіктерде өсірілген «Айна» сұрпының өнімділігі гектарына 21–25 центнерді құрады.

Селекционерлер дәнді дақылдармен қатар, өсімдік шаруашылығының өзге бағыттарындағы жұмыстарды да күшейтті. Атап айтқанда, ноқат, асбұршақ, жасымық және үрме бұршақтың қолайсыз жағдайларға төзімді 10 жаңа сұрпы шығарылды. Сондай-ақ қант қызылшасы будандарының бірегей тұқымдарын өндіру жолға қойылып, элиталық тұқым шаруашылықтары қажеттілігінің 40%-ына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің 8 жаңа сұрпы мемлекеттік сынаққа ұсынылды. Алматының әйгілі апортына генетикалық талдау жүргізіліп, оны сақтап қалу мақсатында құнды таза формалары сұрыптық қоспалардан ажыратылды.

Еліміздің ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық қорын сақтау үшін орталық жүйесінде –10 °C температурада жұмыс істейтін, 100 мың үлгіге арналған заманауи криобанк құрылды. Сонымен қатар ғалымдар түрлі климаттық аймақтарға бейімделген, топырақ пен ресурстарды үнемдейтін технологияларды әзірледі. Алматы облысындағы органикалық егіншілікке арналған цифрлық карталар жасалып, тұқымның сапасын жақсартуға бағытталған биологиялық препараттар дайындалды.

Ғылыми зерттеулер мал шаруашылығын да қамтыды. Сауын биелерге, адай жылқысына және Қостанай жылқы тұқымына генотипі анықталып, ДНҚ банктері әзірленді. Сондай-ақ қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымды ірі қара малынан мыңдаған биологиялық үлгі жиналды. Қой шаруашылығында биязы жүнді және еділбай қойларының генетикалық құндылығын есептеуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама әзірленді. Ал омарта шаруашылығында жергілікті ара топтарының 800 үлгісіне геномдық талдау жасалды.

Бүгінде ҰАҒБО жүйесінде 2 050 зерттеуші еңбек етеді. Ғылыми далалық тәжірибелер жүргізуге арналған жер көлемі 2,5 мың гектардан асады. 

Орталықтың ғылыми әлеуеті 526 патентпен және 47 халықаралық жобамен толықтырылған. Аяқталған 679-дан астам ғылыми әзірлеменің 149-ы немесе жалпы санының 22%-ы өндіріске енгізілді.

Ғалымдардың әзірлемелері еліміздегі бірқатар азық-түлік өндіруші кәсіпорындарда қолданысқа енгізіліп, нақты нәтиже беріп келеді. Ет өңдеу саласында «Байсерке-Агро», Meat Processing and Service компаниялары мен Ақтөбе ет кластері ірі қара мал ұшасын мүшелеу және сүйектен ажырату бойынша халықаралық стандарттарды енгізді. Сүт өндірісі саласында павлодарлық «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ешкі сүтінен пробиотикалық ақуызды өнім шығаруда. 

Ал «Зеренда» шаруа қожалығы осы өнім негізінде балалар тағамын өндіруді жолға қойды.

Салауатты тамақтануға деген жаһандық сұраныс пен өсімдік негізіндегі сусындар нарығының жыл сайын 5–7%-ға өсу үрдісін ескере отырып, қазақстандық ғалымдар баламалы өнімдердің құрамдары мен технологияларын әзірледі. Қазір Ақмола облысында бидай, сұлы, арпа, күріш және амарант негізінде гидролизденген өсімдік сусындарының бес түрін өндіру қолға алынды. Сонымен қатар ет котлеттері мен ысталған өнімдердің өсімдік негізіндегі баламалары, сондай-ақ балаларға арналған йогурттар әзірленді.

«Алматы нан» нан комбинатында ғалымдардың арнайы ашытқыларды пайдалана отырып әзірлеген құрамдары бойынша тұтас дәнді нан пісіріліп, жартылай дайын өнімдер дайындалады. 

Ал BIO elite кәсіпорны жаңғақтар мен жемістер негізінде жасалған батончиктердің бес түрінен тұратын өнім желісін шығаруды бастады.

Осылайша, отандық аграрлық ғылым экономиканың нақты секторымен ықпалдастығын нығайтып келеді. Ғылыми әзірлемелер фермерлерге күрделі климаттық жағдайларда өнімділікті арттыруға, ал өңдеу кәсіпорындарына ішкі нарықта сұранысқа ие жаңа өнім түрлерін өндіріске енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

Қызмет бағыты