GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Комитеттер
Онлайн қабылдау
Қызметі
Все материалы
Қазақстанның АӨК-сі
17 октября 2026
Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артып келеді

Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізаты мен оны өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспортын ұлғайтуда. Әсіресе, жекелеген тауар түрлері бойынша экспорт өсімі жалпы экспорттың өсу қарқынынан едәуір жоғары.

Оның ішінде ерекше атап өтерлігі күнбағыс майы. Қаңтар–тамыз айларында экспорттық түсім 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн АҚШ долларына жетті. Ал өнім көлемі 35,9%-ға ұлғайып, 611,4 мың тоннаны құрады. Өткен жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі үздік алты елдің қатарына еніп, Қытай нарығына жеткізушілер арасында екінші орынға шықты. Сондай-ақ күнбағыс күнжарасын экспорттау бойынша Еуропалық одақ пен Қытайға өнім жеткізетін үш ірі елдің қатарына қосылды. Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азия елдерінің осы өнімге деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Астық саласында да өсім қарқынды. Бидай экспорты 26,5%-ға артып, 1,25 млрд АҚШ долларына жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,8%-ға жоғары.

Астықты терең өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспорты да артуда. Бидай және бидай-қарабидай ұны экспортының түсімі 36%-ға өсіп, 400 млн АҚШ долларын құрады. Ал өнім көлемі 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаға жетті.

Экспорт қарқыны жоғары тауарлардың тағы бірі – зығыр тұқымы. Сегіз айда 2,3 есе өсіп, 387,8 млн АҚШ долларына жетті. Ал шетелге жөнелтілген өнім көлемі 2,5 есе ұлғайып, 780,8 мың тоннаны құрады.

Жануарларға арналған дайын жемшөп өнімдерінің экспорты да өсім қатарын толықтырып, 60,8%-ға артып, 577,6 млн АҚШ долларына жетсе, өнім 44,2%-ға ұлғайды.

Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын жемшөп өнімдерінің экспорты 1,65 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы үш аталым бойынша экспорттық түсім 48%-ға артқан.

Бұл Қазақстан экспортының құрылымы біртіндеп өзгеріп, қосылған құны жоғары өңделген өнімдердің үлесі артып келе жатқанының айқын дәлелі. Яғни еліміз ауыл шаруашылығы шикізатын сыртқа сатумен ғана шектелмей, дайын өнімге айналдырып, халықаралық нарықтағы орнын нығайта түсті.

Мал шаруашылығы
17 октября 2026
Адам еңбегін роботтар алмастырған: Ақмола облысында заманауи сүт фермасы іске қосылды

Ақмола облысында 900 сауын сиырға арналған, құны 8,1 млрд теңгелік заманауи роботтандырылған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты.

«Еңбек» серіктестігі жүзеге асырған жоба Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату бағдарламасы аясында қолға алынған.

Фермадағы негізгі өндірістік үдерістер толықтай автоматтандырылған. Мал сауу, азықтандыру, қора-жайдың қолайлы жағдайын сақтау және көң тазалау жұмыстарының барлығын роботтандырылған жүйелер атқарады. Кәсіпорында Германияның GEA Westfalia компаниясы шығарған 12 сауын роботы мен климаттық бақылау жүйелері бар. Ал мамандар қондырғылардың жұмысын қадағалап, малдың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстайды.

«Ауыл шаруашылығында жоғары технологиялы мал шаруашылығын дамыту және цифрлық шешімдерді енгізу – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мұндай инвестициялық жобалар өндіріс үдерістеріндегі адами фактордың ықпалын азайтып қана қоймай, биологиялық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздің сүт өндірісі саласының өнімділігін жаңа сапалық деңгейге көтереді. Заманауи әрі бәсекеге қабілетті шаруашылықтар құруға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіледі», – деді Аманғали Бердалин.

Бүгінде фермаға 770-тен астам ірі қара жеткізілген. Оның ішінде Даниядан әкелінген голштин тұқымды 300 қара ала сиыр бар.
Жоба толық іске қосылған кезде кешенде 900 сауын сиыр ұстауға мүмкіндік туады.

Өндірістік үдерістердің жүйелі ұйымдастырылуы санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, өңдеуге жіберілетін шикізаттың сапасын қамтамасыз етеді. Фермада өндірілген сүт қазірдің өзінде «Гормолзавод» кәсіпорнына жеткізілуде. Ол жерде жұртшылық сүйіп тұтынатын балмұздақты қоса алғанда, көптеген сүт өнімдері өндіріледі.

Осының барлығы Ақмола облысының Қазақстандағы жетекші аграрлық өңір ретіндегі орнын нығайтумен қатар, елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тіректердің біріне айналдыруда.
Қазіргі таңда өңірде жылына 90 мың тонна сүт өндіріледі. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 1,8 есе өскен.

Жыл соңына дейін өңірде тағы екі ірі ферма іске қосу жоспарлануда. Оның бірі Атбасар ауданында 760 басқа, екіншісі Бурабай ауданында 1 400 басқа арналады. Сонымен қатар Бурабай ауданындағы жоба аясында сүт өңдеу зауытын іске қосу да көзделген.

Экспорт-импорт
Мал шаруашылығы
16 октября 2026
Қазақстан асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін арттыруда: 50 мың бас асыл тұқымды мал жеткізіледі

Астана халықаралық әуежайына Qatar Airways Cargo әуе компаниясының арнайы жүк рейсімен Австралиядан асыл тұқымды ірі қараның кезекті легі жеткізілді. Ұшақ бортында абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас ірі қара болды. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысына Австралиядан осы тұқымды малдың алғаш рет әкелінуі.

Өнімділігі жоғары мал басын импорттау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында қолға алынуда. Жоспардың негізгі мақсаты – отандық асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайту, табынның генетикалық сапасын жақсарту, төл өсіру ісін дамыту және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту.

Жоспарға сәйкес, барлығы 50 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу көзделген. Оның ішінде 40 мың бас ірі қара және 10 мың бас ұсақ мал бар. Бүгінде Қазақстанға 9,5 мыңға жуық ірі қара жеткізілді.

«Асыл тұқымды мал базасын нығайту – министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта елімізге 9,5 мыңға жуық ірі қара әкелінді. Бүгін абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас малдың кезекті легін қарсы алдық. Солтүстік Қазақстан облысына бұл тұқымды мал Австралиядан алғаш рет жеткізіліп отыр. Жалпы, 40 мың бас ірі қара және 10 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Мал басын асылдандыру және жаңарту жұмыстарына қатысып жатқан шаруашылықтардың қатарында «Шал ақын АГРО-2020» және «Asyl Farms» серіктестіктері бар.

«Етті мал шаруашылығын дамыту – біздің шаруашылық үшін өндірісті әртараптандыруға және өзіміздің жемшөп базасын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз абердин-ангус тұқымын бордақылау көрсеткіштерінің жоғарылығы мен ет сапасының жақсы болуына байланысты таңдадық. Австралиядан әкелінген асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуеті жоғары, өнімді табын қалыптастыруға, алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының өзінде асыл тұқымды мал өсіру мен көбейтуді дамытуға жол ашады», – деді «Asyl Farms» серіктестік директоры Ғабиден Балғынбеков.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірде асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 23 жобадан тұратын пул қалыптастырылған.

Жыл басынан бері облысқа Германия мен Даниядан 3 мыңнан астам аналық мал әкелінді. Жыл соңына дейін Австралиядан асыл тұқымды мал жеткізетін тағы 10 әуе рейсін қабылдау межеленіп отыр. Болжам бойынша, өңірге импортталатын малдың жалпы саны 11 мыңға жуық ірі қара мен 1,5 мыңнан астам ұсақ малға жетеді.

Сонымен қатар өңірде саланың тұрақты дамуына қажетті инфрақұрылым да жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 50-і – заманауи кешендер. Бұдан бөлек, жалпы қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын 57 ветеринариялық бекеттің құрылысы жүргізілуде.

Осылайша, асыл тұқымды мал импорттау мал басын уақытша көбейтудің ғана емес, мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр. Озық генетиканы енгізу, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, селекциялық жұмысты жетілдіру және отандық мал өсіру жүйесін дамыту табын өнімділігін арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанда өндірілетін бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.

Мал шаруашылығы
16 октября 2026
Қазақстанда 42 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды

Облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал азығының барлық түрінен 42 млн тоннадан астам қор дайындады.

Атап айтқанда, 26,9 млн тонна пішен дайындалды. Бұл жоспардың 104,8%-ын құрайды. Сонымен қатар 2,3 млн тонна пішендеме (жоспардың 99,4%-ы), 2,9 млн тонна сүрлем (101,8%), 4,9 млн тонна сабан (103,4%) және 5,5 млн тонна құнарландырылған мал азығы (95,8%) әзірленді.

Мал азығының негізгі түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы қосымша қор қалыптастыруға және алдағы қысқы кезеңде қолайсыз ауа райы жағдайларының ықтимал әсеріне мал шаруашылығы кәсіпорындарының төтеп беруіне жол ашады.

Бұдан бөлек, шаруашылықтарда өткен қыстатудан қалған 3,6 млн тонна мал азығы бар. Бұл қор да мал шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мал азығы ресурстарымен қосымша қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы алдағы қысқы кезеңге арнап жемдік астық қорын қалыптастырады. Қажет болған жағдайда ол резервтік ресурс ретінде пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының қорытынды кезеңіне мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Атқарылып жатқан жұмыстар қажетті мал азығы қорын уақытылы қалыптастыруға, мал шаруашылығы кәсіпорындарын жеткілікті азықтық базамен қамтамасыз етуге және алдағы қыс мезгілінде қорада ұстау кезеңін тұрақты өткізуге бағытталған.

Қазақстанның АӨК-сі
Өсімдік шаруашылығы
16 октября 2026
Бүгін Дүниежүзілік нан күні: Қазақстанның астық әлеуеті мен нан өндірісі

16 қазан – Дүниежүзілік нан күні. Нан – дастарқанның берекесі, еңбектің өтеуі, ырыс пен молшылықтың символы. Бұл күн адамзат үшін айрықша маңызы бар азық-түлік өнімінің қадірін ұғындырып қана қоймай, дәнді алқаптан бастап дайын өнімге дейінгі үдерісте маңдай терін төгетін еңбек адамдарының еңбегін дәріптейді. Ал астықты алқабы мен егіншілік дәстүрі қалыптасқан Қазақстан үшін нан өндірісі – агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі.

Қазақстанның астық әлеуеті жыл санап артып келеді. Биыл елімізде дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі шамамен 24 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі әрі кейінгі екі рекордтық маусымды есепке алмағанда, осы кезеңдегі ең мол өнім.

Астық өндірісінің артуы экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтіп отыр. 2025–2026 маркетингтік маусымда Қазақстан шамамен 16 млн тонна астық пен ұнды астық баламасында экспорттады. Отандық астыққа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Қытай және Еуропалық одақ елдерінде сұраныс бар.

Мол астық – отандық өңдеу өнеркәсібінің де берік негізі. Қазақстанда ұн өндіру көлемі ішкі қажеттіліктен екі есе жоғары. Бұл еліміздегі нан пісіру кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге және астықты терең өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде 325,5 мың тонна нан өндірілді. Ал жұмыс істеп тұрған нан пісіру кәсіпорындарының жалпы өндірістік қуаты 502 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорындар тұтынушылар сұранысына сай өнім түрлерін көбейтіп, күнделікті тұтынуға арналған нан-тоқаш өнімдерімен қатар, ұзақ сақталатын өнімдер мен ұннан жасалатын кондитерлік тағамдар өндірісін де дамытып келеді.

Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру үшін мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылына кемінде 2 мың тонна нан-тоқаш және/немесе кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындардың инвестициялық шығындарының 25 пайызы өтеледі.

Бұдан бөлек, ұн өндірушілерге салықтық қолдау көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 490-бабына сәйкес, бұл салада қосылған құн салығы бойынша 80 пайыздық төмендету қарастырылған.

Дүниежүзілік нан күні 2006 жылы Халықаралық наубайшылар мен кондитерлер одағының бастамасымен белгіленген. Атаулы күннің 16 қазанға сәйкес келуі де тегін емес: дәл осы күні, 1945 жылы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) құрылған. Бүгінде бұл ұйым ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың құнарлы тағамға қолжетімділігін арттыру және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.

Нанның дастарқанға келуі – диқанның маңдай терінен, диірменшінің еңбегінен, наубайшының шеберлігінен басталатын үлкен үдеріс. Сондықтан Дүниежүзілік нан күні – ел ырысын еселеп жүрген барша еңбек адамына құрмет білдіретін ерекше күн.

Отандық астық өндірісін дамыту, оны терең өңдеу, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру және еңбек адамдарының еңбегін бағалау – елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды кепілі.

16 октября 2026
KazAgroFarm-2026 көрмесінде 25 елдің шаруалары бас қосады

21–23 қазан күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесі өтеді. ExpoGroup компаниясы ұйымдастыратын шараға 25-тен астам елден 300-ден астам компания қатысып, ауыл шаруашылығына арналған озық технологиялар мен жаңа әзірлемелерін таныстырады.

KazAgroFarm-2026 көрмесі дәстүрлі түрде екі негізгі бағытты қамтиды. KazAgro өсімдік шаруашылығына арналған өнімдер мен технологияларды — тұқым дайындау мен егін өсіруден бастап, өнім жинау және сақтауға дейінгі үдерістерді қамтыса, KazFarm мал шаруашылығына басымдық береді. Бұл бағытта генетика, асыл тұқымды мал өсіру, ет пен сүт өндіру және дайын өнім шығару салаларындағы жаңалықтар ұсынылады.

Биылғы көрмеде цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект, роботтандыру және дәлме-дәл егіншілік технологияларына да ерекше назар аударылады. Бұл жаңашылдықтар шаруашылықтың тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Көрмеге 25-тен астам елдің компаниялары, әлемге танымал брендтердің басшылары мен жетекші мамандары, шетелдік делегациялар, дипломатиялық және сауда миссияларының өкілдері келеді. Мұндай басқосу шаруаларға шетелдік өндірушілермен және сала мамандарымен тікелей тілдесуге, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға әрі өзара тиімді келісімдер жасауға мүмкіндік береді.

Көрменің іскерлік бағдарламасына мемлекеттік органдардың, бизнес пен салалық ұйымдардың өкілдері, Чехия, Нидерланд, Германия, Иран және Беларусь дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысады.

Бағдарлама аясындағы маңызды шаралардың бірі — қазақтың ақбас сиырының «Ақбас» тұқымына арналған, оның 75 жылдығына орай ұйымдастырылатын күн. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелері талқыланатын панельдік отырыстар, семинарлар, конференциялар мен кәсіби кездесулер өтеді. Сондай-ақ шетелдік дипломатиялық миссиялардың қатысуымен бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.

KazAgroFarm-2026 — шаруалар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Көрмеге келушілер ауыл шаруашылығына қажетті техника мен технологияларды бір жерден көріп, өндірушілерден тікелей кеңес ала алады. Сонымен қатар саланың жаңа бағыттарымен танысып, шаруашылығын дамытуға көмектесетін серіктестер табуға мүмкіндік алады.

Көрме 21–23 қазан күндері Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді.

15 октября 2026
Қазақстан агроөнеркәсібіндегі әйелдердің әлеуеті талқыланды 

Астанада «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер: зерттеу нәтижелерінен нақты шешімдерге дейін» тақырыбында екі күндік өңірлік консультациялық семинар өз жұмысын бастады. Іс-шара Ауыл шаруашылығындағы әйелдердің қатысуын дамыту бастамасы (WADI) аясында ұйымдастырылды.
Семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері мен фермер әйелдер қатысуда.

Осы ретте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Астанада штаб-пәтері орналасқан Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен (ИАТҚҰ) ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның ИАТҚҰ Бас Ассамблеясының жетінші отырысына төрағалық ету қорытындылары мен одан кейін Алматыда өткен дөңгелек үстелдің нәтижелеріне назар аударды.

«Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ИАТҚҰ аясында келер жылы өтетін Аграрлық көшбасшы әйелдер мен жас агрокәсіпкерлер жылына арналған іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсынымдарды қамтитын қорытынды құжаттың жобасы дайындалды. Бағдарлама оқыту, тәлімгерлік қолдау көрсету және кәсіби байланыстарды дамыту бағыттарын қамтиды. Мұндай бастамалар өз кәсібін ашуға, кәсіпкерлік қабілетін шыңдауға және басқарушылық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын әйелдерді қолдауға мүмкіндік береді», — деді Назгүл Хатепова.

Әйелдер еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар өндірістік және кәсіпкерлік қызметті отбасына қамқорлық жасаумен әрі ауылдық қоғамдастықтардың өміріне белсене араласумен қатар алып жүр.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанның ауылдық жерлерінде 3,6 млн әйел тұрады. Ауыл шаруашылығы саласында 391,2 мың әйел еңбек етеді. Бұл — салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 40 пайызы.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тіркелген ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің 74,7 мыңын әйелдер басқарады. Бұл олардың жалпы санының төрттен бірінен астамын құрайды.

Назгүл Хатепова агроөнеркәсіп кешеніне арналған қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктерді қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және фермерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Семинар аясында WADI бастамасы шеңберінде жүргізілген «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер» зерттеуінің нәтижелері де таныстырылды. Сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететін 477 әйел қатысты. Зерттеуге қатысушылар саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті жұмыс барысында кездесетін негізгі қиындықтарды атап өтті.

Зерттеу барысында анықталған басты кедергілердің бірі — қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулілігі. Сонымен бірге нәтижелер аграрлық саладағы әйелдердің қаржылай қолдаумен қатар, бизнесті жүргізу бойынша білім алуға да мүдделі екенін көрсетті. Бұл агроөнеркәсіп кешенінде кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді қолдау шараларының қажеттігін аңғартады.

Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Бас директоры аппаратының басшысы, елші Азамат Бердібайдың айтуынша, зерттеу нәтижелері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететін әйелдерді қолдаудың нақты шараларын әзірлеуге және WADI бастамасын одан әрі дамытуға негіз болады.

Семинар қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, заманауи технологияларға қолжетімділікті кеңейтуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуды ұштастыратын басым пилоттық жобаларды айқындау жоспарланып отыр. Оларды әзірлеу барысында жеке қосалқы шаруашылықтарда еңбек ететін әйелдердің қажеттіліктеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Семинар жұмысы 16 қазанда тақырыптық пікірталастар мен WADI бастамасы аясындағы пилоттық жобаларды талқылау форматында жалғасады. Жиын барысында әзірленетін ұсыныстар агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдерді қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға және олардың ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.

15 октября 2026
Шымкентте көксерке өсіру саласын дамыту және озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды

Шымкент қаласында көксеркені көбейту және тауарлық мақсатта өсіру мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Орталық Азия және Кавказ балық шаруашылығы және аквамәдениет жөніндегі өңірлік комиссиясы (CACFish) ұйымдастырды.

Семинарға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Украина, Чехия, Венгрия және Грузиядан балық шаруашылығы саласының халықаралық сарапшылары қатысты. Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысты.

Семинар барысында мамандар көксеркені жасанды жолмен көбейту, аналық үйірді қалыптастыру және басқару, уылдырықты инкубациялау, шабақ өсіру, балықты азықтандыру, оның саулығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ суды тұйық айналымда пайдалану жүйелерін қолдану мәселелерін қарастырды.

Бұдан бөлек, көксерке өсірудің экономикалық тиімділігіне және Қазақстандағы балық өсіру шаруашылықтарына озық технологияларды енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

«Қазақстан үшін аквашаруашылықты дамыту стратегиялық маңызға ие. Біздің міндетіміз – балық өсіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және отандық балық өнімдерінің түрін көбейтуге қолайлы жағдай жасау. Көксерке өсіру бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу саланы әртараптандыруға және бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Серік Сермағамбетов.

Аквашаруашылық – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өсірілген балық көлемі 23 мың тоннаға жетті. Ал балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 700-ге жуықтады.

Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы «Аквамәдениет туралы» Заңның қабылдануы. Аталған заң мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ғылыми сүйемелдеуді дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған.

Шымкентте өткен семинар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологиялармен тәжірибе алмасуға және Қазақстанда аквашаруашылықты тұрақты дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.

Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу көксеркені көбейту мен тауарлық мақсатта өсірудің тиімді тәсілдерін айқындауға, сондай-ақ оларды отандық кәсіпорындарда қолдану мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады.

Мал шаруашылығы
15 октября 2026
Қазақстанда 846,5 мың тонна ет өндірілді

Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі салалардың бірі болып қала береді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты. Ал нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады.

Есепті кезеңде елімізде барлық ет түрлерін өндіру көлемі 846,5 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары.

Сиыр еті өндірісі 301,6 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 282,3 мың тонна болған. Қой еті өндірісі 88,6 мың тоннадан 91,2 мың тоннаға, жылқы еті 115,3 мың тоннадан 119,9 мың тоннаға дейін өсті. Құс еті өндірісі де қарқынды дамып, былтыр 276,1 мың тонна болса, қазір 277 мың тоннаға жетті.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында елімізде 3,04 млн тонна сүт өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға көп. Ал жұмыртқа өндірісі 7,4%-ға өсіп, 3 659,8 млн данаға жетті.

Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да артып келеді. Есепті кезеңде ірі қара мал саны 8 778,4 мың басқа (103,4%), қой мен ешкі саны 22 609,5 мың басқа (102,3%), жылқы саны 4 787 мың басқа (107,3%), түйе саны 311,5 мың басқа (104%) жетті. Құс саны 49,2 млн басты құрап, 100,4%-ды көрсетті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың өндірістік әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін күшейту және елді азық-түлікпен қамтамасыз етуді нығайту бағытында жұмыстарды жалғастыруда.

Фитосанитариялық қауіпсіздік
15 октября 2026
Бидайды кебек ретінде өткізу әрекетінің жолы кесілді

Павлодар облысындағы «Үрлітөбе» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресейден бидай кебегі ретінде көрсетілген бидайды Қазақстанға кіргізу әрекетінің жолы кесілді.

Автокөлік құралын тексеру барысында ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының мамандары ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтер мен жүктің нақты құрамының сәйкес келмейтінін анықтады. Тексеру нәтижесінде көлік құралында кебекпен қатар бидай дәні де болғаны белгілі болды.

Бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға қойылатын шектеулерді және ілеспе құжаттардағы мәліметтердің нақты жүк құрамына сәйкес келмейтінін ескере отырып, жүкті экспорттаушы елге кері қайтару туралы шешім қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі карантинге жатқызылған өнімдерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тасымалдау кезінде фитосанитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы мен белгіленген шектеулердің сақталуы министрліктің тиісті комитетінің тұрақты бақылауында.

Социальные сети
Facebook
Instagram
Youtube
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы