Қазақстан мал шаруашылығын жаңғырту мақсатында еуропалық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан делегациясы Германияның Ганновер қаласында өткен мал шаруашылығы саласындағы EuroTier 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Көрме аясында еуропалық серіктестермен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және заманауи ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін Қазақстанда жолға қою жөнінде бірқатар келісім жасалды.
Көрме барысында Қазақстанның Сүт одағы мен асыл тұқымды мал шаруашылығына маманданған Германияның Masterrind GmbH компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әріптестік аясында жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара мал жеткізу, отандық мал басының генетикалық әлеуетін жақсарту және сүт өндіретін шаруашылықтардың өнімділігін арттыру көзделген. Сонымен қатар тараптар қазақстандық фермерлер үшін барынша тиімді шарттармен, оның ішінде малдың сатып алу құнын оңтайландыру арқылы асыл тұқымды мал жеткізу тетіктерін пысықтайды.
Бұдан бөлек, қазақстандық EFIM FARM TECHNOLOGIES компаниясы Италия, Германия және Ирландияның ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерімен үш бірдей ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Онда Қазақстанда тауарлы-сүт фермалары мен мал шаруашылығы кешендеріне арналған заманауи жабдықтар өндірісін жергіліктендіру көзделген.
Атап айтқанда, италиялық Faresin компаниясымен өздігінен жүретін және тіркемелі жемшөп таратқыштарды, германиялық Franz Eisele u. Söhne GmbH & Co. KG компаниясымен сұйық көңді араластыруға, соруға және бөлуге арналған жабдықтарды, ал ирландиялық Dairymaster компаниясымен заманауи сауу жабдықтарын өндіру жоспарланып отыр.
Өндірісті жергіліктендіру озық еуропалық технологияларды енгізуге, отандық өндірістік әлеуетті арттыруға және импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақстандық фермерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында техниканы жеңілдетілген лизинг шарттарымен сатып ала алады.
Ынтымақтастық аясында инженерлік тәжірибе алмасу, отандық мамандарды даярлау және сервистік инфрақұрылымды дамыту да қарастырылған.
Қол жеткізілген келісімдер 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда көзделген міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар асыл тұқымды мал базасын нығайтуға, мал өнімділігін арттыруға және отандық мал шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға мүмкіндік береді.