Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында екіжақты қарым-қатынастардың барлық спектрінде жан-жақты өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнатылған.
Серіктестік барысында екі ел арасындағы қатынастар сындарлы негізде нығайтылды және қазіргі таңда сенімді, перспективалы және болжанатын әріптестік ретінде дамуда.
30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар, бірлескен жобалар мен бағдарламалар екіжақты ынтымақтастықтың ЖҚҚ таратпау, қарусыздану, сауда, инвестиция, терроризмге қарсы іс-қимыл, аймақтық қауіпсіздік және т.б. сияқты дәстүрлі салаларында сәтті жүзеге асырылды.
Ынтымақтастықты дамытудағы оң динамика жағдайында Қазақстан Орталық Азиядағы АҚШ-тың сенімді, жетілген және болжамды серіктесі ретінде қарастырылады.
Саяси ынтымақтастық
2019 жылғы 21-23 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысты, оның аясында АҚШ Президенті Д.Трамппен қысқаша кездесуі, БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен, сондай-ақ АҚШ-тың саяси және сарапшылық топтары өкілдерімен келіссөздері өтті. Сонымен қатар, 2021 жылғы 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі 76-шы сессиясы аясында (онлайн) Ақ үйдің бастамасымен өткен COVID-19-мен күрес жөніндегі жаһандық саммитте сөз сөйледі.
2022 жылғы 20 наурызда АҚШ Президенті Джо Байден Мемлекет басшысына Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, онда ол Америка Құрама Штаттары Мемлекет басшысының халқына экономикалық, әлеуметтік және саяси мүмкіндіктер жасау реформалар бағдарламасына қолдау көрсететінін атап өтті.
2022 жылғы 20 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкенмен келіссөздер жүргізді, оның барысында америкалық тарап Қазақстан Республикасындағы демократиялық қайта құруларды құптады және Вашингтонның саяси және экономикалық реформаларды іс жүзінде жүзеге асыруға көмектесуге дайын екенін атап өтті.
2023 жылғы 27-28 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкеннің Қазақстанға сапары аясында Мемлекет басшысы америкалық дипломатты қабылдады, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен келіссөздер жүргізді.
2023 жылғы 20 наурызда АҚШ президенті Дж.Байден Мемлекет басшысына Наурыз мерекесіне орай кезекті құттықтау жеделхатын жолдады, онда АҚШ Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын іске асыруға және ілгерілетуге қолдау білдіретінін атап өтті.
2023 жылғы 19 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы алаңында "С5+1" форматында "Орталық Азия – АҚШ" мемлекет басшыларының бірінші саммиті өтіп, оның қорытындысы бойынша Нью-Йорк декларациясы қабылданды.
2024 жылғы 26 наурызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Вашингтон қаласына сапармен барып, оның шеңберінде АҚШ Мемлекеттік хатшы Э.Блинкенмен және Сауда өкілі К.Таймен келіссөздер жүргізді.
Жалпы, АҚШ-пен үкімет басшылары деңгейінде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымы бойынша тұрақты диалог жүргізіліп келеді. 2012 жылы құрылған Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссия екі ел арасындағы өзара іс-қимылының негізгі механизмі болып табылады. Жыл сайын аталған комиссияның отырыстары өткізіліп, оның барысында саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік, энергетика, ғылым мен технологиялар, инновациялар мен адам құқықтары саласындағы өзара іс-қимыл секілді екіжақты күн тәртібінің негізгі мәселелері талқыланады. Кезекті кездесу 2022 жылғы 5-6 желтоқсанда Вашингтонда өтті.
АҚШ Конгресімен ынтымақтастық мемлекетаралық қатынастардың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасында «Қазақстан достары» тобы құрылды. АҚШ Конгресінің мүшелері екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуды қолдау, Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы рөлі және т.б. туралы тұрақты негізде ресми мәлімдемелер жасайды.
2015 жылғы қыркүйекте іске қосылған С5+1 диалогтық платформасы (ОА елдері+АҚШ) одан әрі даму мен институттандыруға ие болды. 2023 жылғы 28 наурызда Астанада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер ведомстволары басшыларының қатысуымен С5+1 форматындағы министрлердің кезекті кездесуі өтті.
Өңірлік ынтымақтастық жағдайында (Орталық Азия - АҚШ) Қазақстан 2015 жылдың қыркүйегінде американдық тараптың ұсынысы бойынша басталған «C5 + 1» бастамасына белсенді қатысады. Қауіпсіздік, экономикалық, инфрақұрылым және энергетика саласындағы аймақтық ынтымақтастық талқыланатын сыртқы істер ведомство басшылары арасында тұрақты негізде кездесулер өткізіліп тұрады.
Демократия және адам құқықтары жөніндегі диалог Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып қала береді. 2022 жылғы сәуірде жаңа механизм – Адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог іске қосылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Е.Қазыхан және Мемлекеттік хатшының орынбасары У.Зея тең төрағалық етті. Диалогтың екінші отырысы 2023 жылғы 24 қаңтарда Вашингтонда өтті. Диалогтың үшінші отырысы 2024 жылғы 20 мамырда Астана қаласында өтті . Кезекті отырысты 2025 жылы Вашингтон қаласында өткізу жоспарлануда.