GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қазақстан және Ватикан
Елшілік туралы
Байланыс ақпараты
Қазақстан және Мальта Ордені
Все материалы
05 октября 2026
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы

2026 жылғы 7 қазанда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді.

Хатшылық отырысына әлемдік және дәстүрлі діндердің – ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи дінінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, теологтар мен әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар қатысады.

Хатшылықтың XXIV отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде ұсынған және Съезд қатысушылары қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау: «Дін саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».

Аталған бастамалар Съездің әртүрлі діни дәстүрлер арасындағы сындарлы диалогты одан әрі дамытуға, қазіргі қоғам алдында тұрған негізгі сын-қатерлерге қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға, сондай-ақ діни қауымдастықтардың бейбітшілікті нығайтуға, этикалық жауапкершілікті арттыруға және орнықты дамуды ілгерілетуге қосатын үлесін күшейтуге бағытталған ұмтылысын көрсетеді.

Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартия» таныстырылады. Құжат айықпас дертке шалдыққан баланың қадір-қасиеті мен өмір сапасын қорғаудың негізгі қағидаттарын, сондай-ақ оның діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып, кешенді медициналық, психологиялық және рухани көмек пен қолдау алуға құқығын айқындайды.

01 октября 2026
Қазақстан мен Қасиетті Тақтың II Бірлескен коллоквиумы «Денсаулық пен бейбітшілік жолындағы күш-жігерді біріктіру: осал балаларды қорғау – ортақ басымдық»

2026 жылғы 2-3 қазанда Астана қаласында Қазақстанның Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы ұйымдастыратын «Денсаулық пен бейбітшілік жолындағы күш-жігерді біріктіру: осал балаларды қорғау – ортақ басымдық» тақырыбындағы II Бірлескен коллоквиум өтеді.

Коллоквиум Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Ерлан Қариннің және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакадтың тең төрағалығымен өтеді.

Іс-шараға Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, діни қайраткерлер, педиатрия, биоэтика және теология салаларының мамандары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысады.

Коллоквиум бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық; жазылмайтын ауруларға шалдыққан балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау; медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатрияда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктеріне және оны пайдаланудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және оның отбасына жан-жақты қолдау көрсету қағидаттарына негізделген Жазылмайтын ауруға шалдыққан баланың құқықтары туралы хартияның жобасы болмақ. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің нақты үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.

II Бірлескен коллоквиум Қазақстанның Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы арасындағы тікелей өзара іс-қимылдың маңызды тетігі болып табылады. Алғашқы Коллоквиум 2024 жылғы сәуірде Ватиканда өткен болатын.

Аталған формат Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дінаралық диалогты нығайтуға, бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге және адам қадір-қасиетін қорғауға бағытталған кең ауқымды ынтымақтастық күн тәртібінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

10 сентября 2026
Ватикан апостолдық кітапханасының префектісімен кездесу

2026 жылғы 10 қыркүйекте Ватиканда Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетовтың Ватикан апостолдық кітапханасының префектісі дон Мауро Мантованимен кездесуі өтті.

Сұхбаттастар Ватикан апостолдық кітапханасы мен Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстандық ғалымдардың Қазақстан және Түркі әлемінің тарихын зерттеу үшін елеулі ғылыми маңызға ие Ватикан қорларындағы жазба дереккөздерді зерделеу жұмыстарын жалғастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Елші Префектке Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Д.Мәсімханұлының ағымдағы жылғы қыркүйек айының соңында Алматы қаласында өтетін «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы: Ватикан және Еуропа қорларындағы жаңа деректер мен материалдар» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысуға арналған шақыруын табыс етті.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ортақ мүдделілік танытатындарын растады.

 

 

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

 

19 августа 2026
Қазақстан мен Қасиетті Тақ дінаралық диалог саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуда

2026 жылғы 18 тамызда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінде Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен кездесу өтті.

Тараптар дінаралық және конфессияаралық диалог саласындағы Қазақстан мен Ватикан арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Қазақстан астанасында ағымдағы жылдың қазан айының басында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысына және II Қазақстан-Ватикан коллоквиумына Қасиетті Тақ делегациясының қатысу мәселесіне ерекше назар аударылды. Алдағы іс-шаралардың мазмұндық және ұйымдастырушылық аспектілері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Қазақстан Елшісі сұхбаттасын елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар, күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі ережелері, сондай-ақ Қазақстан Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауына дайындық барысы туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан реформалардың саяси жүйені одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік институттарды нығайтуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталғаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өзара мүдделілік тудыратын мәселелер бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.

Кездесу достық және өзара еркін пікір алмасу жағдайында өтті.

10 августа 2026
Абай мұрасы – мәдениеттер арасындағы көпір

10 тамыз – Абай күніне орай Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігі Ватикан Апостолдық кітапханасына және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының кітапханасына ұлы қазақ ақыны, ойшыл, философ әрі гуманист Абай Құнанбайұлының итальян және ағылшын тілдеріндегі шығармалар жинағын сыйға тартты.

Абайдың поэзиялық, публицистикалық және эпистолярлық туындылары қамтылған шығармалар жинағының Қасиетті Тақтың кітапхана мекемелеріне табысталуы шетелдік аудиторияның оның бай әдеби және зияткерлік мұрасымен кеңінен танысуына ықпал етеді. Бұл мұра бүгінгі таңда да әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлер өкілдері арасындағы өзара құрметті, келісімді және рухани диалогты нығайтуға ықпал ететін гуманистік идеялардың қайнар көзі ретінде өзінің әлемдік маңызын сақтап келеді.

Аталған бастама Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани және адамгершілік дәстүрлерін зерделеуге деген өзара қызығушылықты кеңейтуге бағытталған.

Ұлттық болмыс пен жалпыадамзаттық құндылықтарды табиғи түрде ұштастырған Абайдың сан қырлы шығармашылығы мәдениетаралық және өркениетаралық диалог үшін мазмұнды негіз қалыптастырады.

Абайдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған, ал оның құрметіне арналған ескерткіштер мен бюсттер көптеген астаналар мен ірі қалаларда, соның ішінде Римде де орнатылған.

Мерейлі күні Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы және Италия Республикасындағы елшіліктерінің дипломаттары ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, 2025 жылғы қазанда Римдегі Вилла Грациоли саябағында салтанатты түрде ашылған оның бюстіне гүл шоқтарын қойды.

31 июля 2026
«Bambino Gesù» госпиталінің басшылығымен кездесу

2026 жылғы 30 шілдеде Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетовтың Ватиканның «Bambino Gesù» педиатриялық госпиталінің президенті Тициано Онестимен кездесуі өтті.

Кездесуге сондай-ақ госпитальдің халықаралық бағдарламалар жөніндегі басшысы А.Кристальди және халықаралық жобалар үйлестірушісі Д.Понци қатысты.

Әңгімелесу барысында тараптар «Bambino Gesù» госпиталінің Қазақстанның балалар медициналық мекемелерімен ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады. 2025 жылғы қыркүйекте госпиталь делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыруға ерекше назар аударылды.

Кездесудің жеке тақырыбы 2026 жылғы қазанда Астана қаласында өтетін Қазақстан-Ватикан коллоквиумына «Bambino Gesù» делегациясының қатысуы болды. Іс-шараны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы бірлесіп ұйымдастырады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылдың оң қарқынын атап өтіп, нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге деген өзара мүдделіліктерін растады.

 

24 июля 2026
«Қазақстан – менің көзіммен» халықаралық сурет салу байқауының ЕРЕЖЕСІ

I. Байқаудың негізгі мақсаты

«Қазақстан – менің көзіммен» – шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған онлайн сурет салу байқауы.

Байқау қатысушылардың Қазақстан туралы көзқарасын, елге деген сүйіспеншілігін, тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын, ұлттық құндылықтарын және болашаққа деген арман-тілектерін шығармашылық тұрғыдан бейнелеуге бағытталған.

Байқаудың негізгі мақсаттары:

- шетелдегі этникалық қазақ балалардың Қазақстанмен рухани байланысын нығайту;

- Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу;

- жас суретшілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту;

- дарынды этникалық қазақ балаларын анықтау және қолдау көрсету;

- балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

 

II. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

       Байқауға шетелде тұратын 12–17 жас аралығындағы этникалық қазақ балалары қатыса алады (ұлты қызық шетел азаматы екенін растау үшін өз жұмысымен бірге төл құжатының көшірмесін жіберу міндетті);

Байқауға ұсынылатын сурет «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбына сәйкес болуы тиіс.

Қатысушы жұмысын жіберерде міндетті түрде төмендегі ақпараттармен қоса жіберу керек:

- Өзі туралы ақпарат (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын мектебі мен сыныбы, байланыс нөмері);

- Өзін таныстыру, салған суретін түсіндіру мақсатында ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнежазба;

-Суретті өзі салғанын растау үшін ұзақтығы 3 минуттан аспайтын сурет салу процессінен бейнежазба және байқау тақырыбынан бөлек басқа да бірнеше туындыларын қосып жіберу керек.

Жұмыстар 2026 жыл 28 тамызға дейін oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;

 

III. Шығармашылық жұмысқа қойылатын талаптар

Байқауға қағазға салынған суреттердің электрондық нұсқасы қабылданады.

Қатысушылар келесі құралдарды пайдалана алады:

o       қарындаш;

o       түрлі-түсті қарындаш;

o       фломастер;

o       акварель бояулары;

o       гуашь;

o       майлы бояулар;

o       пастель;

o       көмір;

o       маркер;

o       акрил бояулары;

o       гельді қаламдар және басқа да көркем сурет салу құралдары.

Суреттер келесі тақырыптарды қамтуы мүмкін:

o       Қазақстанның табиғаты;

o       тарихи және мәдени ескерткіштер;

o       ұлттық салт-дәстүрлер;

o       қазақ халқының тұрмысы;

o       ұлттық мерекелер;

o       Қазақстанның көрікті жерлері;

o       болашақтағы Қазақстан туралы арман-тілектер.

Бір қатысушы бірнеше жұмыс ұсына алады.

Байқауға тек авторлық жұмыстар қабылданады.

Жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген суреттер қабылданбайды.

Қатысушы байқауға ұсынған жұмысын ұйымдастырушының ресми интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерінде және көрмелерде көрсетуге келісім береді.

Жұмыстар JPEG, JPG, PNG немесе PDF форматында қабылданады.

 

IV. Бағалау критерийлері

Тақырыпқа сәйкестік

Жұмыстың «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбын қаншалықты толық және мазмұнды ашқаны бағаланады.

Шығармашылық көзқарас

Қатысушының идеясының ерекшелігі, қиялы мен шығармашылық шешімдері бағаланады.

Көркемдік шеберлік

Сурет салу техникасы, композициясы, түстер үйлесімі, пропорция және жалпы орындау сапасы бағаланады.

Ұлттық мазмұн

Қазақстанның мәдениеті, тарихы, табиғаты және ұлттық құндылықтарының көркем бейнелену деңгейі ескеріледі.

Эмоционалдық әсер

Жұмыстың көрерменге әсері, автордың сезімі мен ойын жеткізу деңгейі бағаланады.

 

V. Байқау мерзімі

Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 17 маусымнан бастап 28 тамызға дейін қабылданады.

 

VI. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

Байқау қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз қазылар алқасының шешімімен анықталады.

Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

I орын – Ноутбук;

II орын – Планшет;

III орын – Смарт сағат.

Ынтыландыру сыйлықтары – «Бестемше» ойыны.

 

Үздік жұмыстар ұйымдастырушылардың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады және онлайн көрмеге ұсынылады.

Сонымен қатар, үздік деп танылған 10 қатысушы қажет болған жағдайда жұмысын өз қаражаты есебінен «Отандастар қоры» КеАҚ-на жіберу қажет.

15 июля 2026
Ватиканның Fides ақпарат агенттігінің редакторымен кездесу

2026 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінде Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетовтың белгілі италиялық журналист, Қасиетті Тақтың Евангелизация жөніндегі Дикастериясына қарасты Fides ақпарат агенттігінің Азия бағыты бойынша редакторы Паоло Аффататомен кездесуі өтті.

Сұхбат барысында тараптар ақпараттық саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Қазақстанда ПРезидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды кеңінен жариялау мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстанның бейбітшілікті, өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ дінаралық, конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Қазақстанда өтетін маңызды халықаралық іс-шаралар қарсаңында ақпараттық-талдамалық материалдарды әзірлеу және жариялау мүмкіндіктері қарастырылды.

Ватикандық журналист Елшілікпен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға қызығушылық танытып, тиісті тақырыптарды Fides агенттігінің ақпараттық ресурстарында жариялауға ықпал етуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2026 жылғы қазанда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы қарсаңында Съезд қызметіне арналған материалдарды жариялау мүмкіндігін пысықтауға уағдаласты.

13 июля 2026
Қазақстанның Ватиканмен тарих ғылымы саласындағы академиялық ынтымақтастығын нығайту

2026 жылғы 24 маусым мен 3 шілде кезеңінде Ватиканда Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының делегациясы ғылыми іссапарда болды.

Ғылыми сапар Шығыстану институты мен Ватикан Апостолдық Кітапханасы және Апостолдық Архиві арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде жүзеге асыру, сондай-ақ «Ватиканның бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.

Делегация мүшелері Ватикан Апостолдық Кітапханасы мен Апостолдық Архивінің қорларында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нысаны ретінде түркі халықтарының ортағасырлық тарихын, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда дәуірін, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің Қасиетті Тақпен дипломатиялық және мәдени байланыстарының ерекшеліктерін бейнелейтін тарихи дереккөздер қарастырылды.

Зерттеушілер ерекше назарды қыпшақ тілінің бірегей ескерткіші – «Codex Cumanicus» қолжазбасына қатысты архивтік материалдарға, сондай-ақ XIV ғасырдағы Орталық Азияның, Каспий маңы өңірінің және Ұлы Жібек жолының қалалық орталықтарының географиясын көрсететін сирек картографиялық дереккөздерге аударды. Батыс Еуропамен түркі мемлекеттерінің байланыстарын одан әрі зерттеу үшін ғылыми құндылығы жоғары, бұрын аз зерттелген бірқатар құжаттардың архивтік шифрлары анықталды.

Алынған нәтижелер отандық тарихнаманың дереккөздік қорын едәуір кеңейтіп, Ватиканның бірегей түпнұсқа материалдары негізінде түркі әлемінің тарихы мен мәдени мұрасын іргелі зерттеудің берік негізін қалайды.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары