Бейбіт Атамқұлов Сингапурдың Сауда және индустрия аға мемлекеттік министрі Ко По Кунды қабылдады

Бейбіт Атамқұлов Сингапурдың Сауда және индустрия аға мемлекеттік министрі Ко По Кунды қабылдады

2020 жылғы 4 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов Сингапур Республикасының Сауда және индустрия аға мемлекеттік министрі Ко По Кунды қабылдады.

Кездесу аясында, Қазақстан Сингапурды инфрақұрылым және логистика саласындағы Стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратыны атап өтілді. Елдер арасындағы мультимодалды тасымалдардың кеңеюі «Белдеу және жол» және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бастамалары шеңберіндегі жобалардың сәтті жүзеге асырылуына ықпал етеді.

Солтүстік пен Оңтүстік, Батыс пен Шығыс Қытайды байланыстыратын ҚХР-дағы Чунцин дәліз жобасына Сингапурдың қатысуын және сингапурлық компаниялардың Қытай мен Батыс Еуропадағы активтерін ескере отырып, біздің елдеріміз арасындағы мұндай өзара іс-қимыл заңды және қисынды болып табылады. Жаңа көлік бағытын дамыту Орталық Азиядан Қытай жағалауына тауарларды жеткізу уақытын 3 есе қысқартады, Еуропа мен Азиядан тауарлар АСЕАН елдеріне қол жетімді болады, олардың жалпы нарығы шамамен 660 миллион адамды құрайды. Сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы байланыстарды дамыту үшін маңызды бағыт ретінде тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі талқыланды.