Латвиядағы қазақстандықтар Наурыз мейрамын атап өтті
2024 жылғы 13 сәуірде Елгава қаласындағы қазақстандық «Сәуле» мәдени орталығында көктемгі күн мен түннің теңелуі - «Наурыз» мерекесі өтті.
Наурыз Латвияда тұратын қазақстандықтарды ғана емес, өзбек, ұйғыр, түрікмен және башқұрт диаспораларының өкілдерін, әрине латвиялық достарды да біріктірді.
Іс-шараға қатысушыларға қазақ халқының салт-дәстүрлері, билері мен әндері, ұлттық киімдері таныстырылды. Қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бай дастархан жайылды.
Мерекелік іс-шара аясында ұлттық ойындар, жарыстар және байқаулар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «Сәуле» орталығында еліміздің туристік маңызы бар көрікті жерлерін паш етуге арналған «Менің шуақты Қазақстаным» атты тұрақты негізде жұмыс істейтін фотокөрмесі ұсынылды.
Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі аталған іс-шараны ұйымдастырғаны және өткізгені үшін қазақстандық «Сәуле» мәдени орталығына және белсенділік танытып, қолдау көрсеткен барлық отандастар мен қазақстандық студенттерге ризашылығын білдіреді.
