Республика күні қарсаңында Қазақстанның Елшісі оқушы жастармен кездесті

Прага - Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов пен Елшілік қызметкерлері шет тілдерін оқытуға және Чехия мен Еуропа университеттеріне түсуге даярлауға маманданған Прагадағы белгілі MSM Академия тіл мектебінде білім алып жатқан қазақстандық жастармен кездесті.
Жас отандастарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, Елші Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның дамуы мен конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы жас ұрпақтың маңызды рөліне, сондай-ақ отансүйгіштіктің, сапалы білімнің, терең танымның және Отанның болашағына жауапкершілікпен қараудың айрықша мәніне назар аударды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар тіл үйрену, Чехиядағы өмірге бейімделу және алдағы білім алу жоспарлары туралы айтып берді. Қазақстанмен байланысты сақтау, жастардың Елшілік пен жалпы қазақстандық қауымдастықтың мәдени және қоғамдық іс-шараларына қатысуы мәселелері бойынша пікір алмасу болды.
Құрамына академия кіретін Халықаралық жастар одағының (MSM) өкілдері Елшіні ұйымның білім, мәдениет және спортты біріктіретін негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. MSM мәліметінше, ұйым жұмыс істеген жылдар ішінде оның білім беру бағдарламаларына алты мыңға жуық қазақстандық қатысқан, ал жыл сайын оларға Қазақстаннан екі жүзден астам жастар қосылады.
Кездесу соңында Елші оқушыларға оқуда табысқа жетіп, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруды тіледі. Ол Чехияда алған білім мен оқу тәжірибесі олардың кәсіби қалыптасуына және болашақта елдің дамуына қосатын үлесіне берік негіз болатынына сенім білдірді.