Қазақстан мен Украинаның сыртқы саяси ведомстволары экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша екіжақты консультациялар өткізді

2020 жылы 16 қазанда Киевте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы Асқар Шоқыбаев Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Евгений Енинмен кездесті.
Тараптар кеше өткен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға екі елдің байыпты қызығушылығын растаған қазақстан-украин инвестициялық форумын жоғары бағалады. Басымдықтардың қатарына агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және фармацевтика жатады. Бұл салаларда жинақталған тәжірибе ғана емес, сонымен қатар жаңа ірі жобалар да бар, деп атап өтті сұхбаткерлер. Бірінші кезекте әңгіме Қазақстан Республикасының аумағында дайын өнімді көрші мемлекеттердің нарықтарына жылжыту бойынша бірлескен кәсіпорындар құру туралы болып отыр, деп атап өтті А.Шоқыбаев.
Өз кезегінде, Е.Енин жоғарыда аталған бағыттардағы тұрақты жұмыс екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Ол сондай-ақ украин тарапының жақын арада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-украин мемлекетаралық комиссиясының кезекті отырысын және көлік және коммуникация бойынша екіжақты келіссөздерді өткізуге дайын екенін растады.
Сонымен қатар, жақында Словакияда өткен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен Украина Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Э.Джапарованың кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды әзірлеу барысында тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетудің бірқатар аспектілерін нақтылады.