Республика күні Украина астанасында балаларға арналған іс-шаралар өтті
Киев қаласы, 2026 жылғы 25 қазан – Республика күніне орай Украинадағы қазақ диаспорасы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің қолдауымен балалар үшін қайырымдылық мәдени акциясын ұйымдастырды.
Киев қаласындағы Қазақстан Елшілігінің аумағындағы қазақ киіз үйінде балалардың көркем шығармашылығы, сурет салу және мүсіндеу бойынша байқаулар, матадан қуыршақтар жасау және оригами бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ интерактивті анимациялық шоу мен қазақ мультфильмдерінің көрсетілімі өтті. Балалар украин тілінде жарық көрген «Ұлы Дала елінің сиқырлы аңыздары» атты қазақ ертегілері және «Жомарт жүрек» кітаптарын, сондай-ақ сыйлық жиынтықтары мен тәттілерді алды.
Қазақстанның Ұлттық мерекесіне украиналық парламентарийлер, қоғамдық және балалардың еріктілер ұйымдарының мүшелері де құрмет білдірді. Іс-шаралар аясында қазақ диаспорасының белсенділеріне алғыс грамоталары мен сыйлықтар табысталды.
Украина Жоғарғы Радасының депутаты Сергей Нагорняк қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму болашағын жоғары бағалады және ұлттық мерекеге орай ізгі тілектерін білдірді. Ол үстіміздегі жылғы тамызда Украинадан Қазақстанда келген балалар үшін сауықтыру демалысын ұйымдастырудың үшінші кезеңіне жәрдем көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтты.
Бұған дейін Астанаға Республика күніне орай украиналық басшылығының ресми құттықтаулары жолданған болатын. Мәдени акция қарсаңында дипломатиялық қабылдау барысында бауырлас Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Украинадағы елшілері, сондай-ақ Қазақстан халқына жылы құттықтаулары мен ізгі тілектерін білдірді.