Қазақстан мен Словакия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Қазақстан мен Словакия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

БРАТИСЛАВА, 2023 жылғы 31 қаңтар – Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасына барып, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегін талқылау мақсатында СӨП Төрағасы Петер Михокпен кездесті.

Әңгіме барысында дипломат Қазақстандағы қазіргі жағдай, қазақстандық экономиканың жай-күйі және Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына қойған міндеттері туралы айтты. Өткен жылы Қазақстан экономикасының 3,1 %-ға өскені, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерімен қатар Қазақстанның елеулі инвестициялық әлеуеті атап өтілді. Қазақстан Республикасы мен Словакия арасындағы өзара сауданың тұрақты өсу үрдісі атап өтілді, оның көлемі 2022 жылы 43%-ға өсіп, 120 млн АҚШ долларынан асты. Бұл ретте қазақстандық өнімдердің Словакияға экспортын ұлғайту арқылы тауар айналымының құрылымын кеңейту және саудадағы теріс сальдоны азайту қажеттігі айтылды.

Словакия Сауда-өнеркәсіп палатасының Төрағасы қазақстандық нарықтың зор әлеуетін, сондай-ақ словак бизнесінің Қазақстанмен іскерлік байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айта отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Кездесу нәтижесінде Словакияның астанасы мен өңірлерінде Қазақстан Республикасының экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы дөңгелек үстелдер мен презентацияларды бірлесіп ұйымдастыру, сондай-ақ бизнес-жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы тұрақты ақпарат алмасуды жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.