ҚР Словак Республикасындағы Елшілігінің аудармашысы С.Қамалиденнің "Ақиқат" журналында шыққан "Абай – Чехия мен Словакияның мәдени кеңістігінде" атты мақаласы

Жарияланған күні: 20 қазан 2025

Абая Құнанбайұлы есімінің чех және словак мәдени кеңістігіндегі алғаш тіркелген аталуы 1921 жылға сәйкес келеді. Дәл осы кезеңде қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысының есімі тұңғыш рет чехословакиялық баспасөз бетінде көрініс тапты. Бұл дерек Чехословакия легионері Индржих Дворжактың қаламынан туған және 1921 жылы Прагада Чех графикалық одағының баспаханасында жарық көрген «Қазақтар арасында» атты еңбекте аталған.

Бұл кітап саяхат жазбаларының, гео­графиялық мәліметтердің, эт­нографиялық байқаулардың және Азамат соғысы жылдарында бұрынғы Ресей империясы аумағындағы қазақ даласында болған кезеңіне қатысты автордың жеке естеліктерінің тоғысы болып табылады. Жүйелендірілген дереккөздердің тапшылығы мен қазақ тілін білмеу жағдайында И.Дворжак қазақ халқының мәдени келбетін бейнелеуге талпыныс жасайды, әрі ол статистикалық және географиялық сипаттамалардың аясынан шыға отырып, мәселені кеңірек қарастырады. Ол, әсіресе, қазақтың ауызша және жазбаша поэзиясына назар аударып, оны қазақтың ұлттық бірегейлігінің іргелі құрамдас бөлігі ретінде сипаттайды.

Автор еңбегінің бір тарауында қазақ ортасында өмір сүрген поэтикалық дәстүрге аса назар аударады. Ол оны «қазақтың жаңа дәуірдегі поэзиясы» деп атап, шығармашылығы мәнді көрінген үш ақынды бөліп көрсетеді: Ноғайбай, Шортанбай және белгілі бір «Кномбай» (чех тілінде – «Knombaj»). [1, 46 б.] Соңғы есім, күмәнсіз, «Құнанбайұлы» тегі атауының бұрмаланған нұсқасы болып табылады. Сондықтан үлкен ықтималдықпен сөз Абай жайында екендігін айтуға болады.
И.Дворжак үшін ерекше қызы­ғушылық тудырған жайт – Михаил Лермонтов шығармаларының қазақша аудармаларының болуы. Ол мұны мәдени синтездің айғағы ретінде қарастырады:
«Жаңа заманда табиғаттың сұлулығын сурет­­тейтін қысқа поэтикалық шы­ғармалар көптеп пайда болды; одан бөлек, ақын Құнанбай жасаған Лермонтовтың кейбір аудармалары да жарық көрді» [1, 47 с.]. Одан әрі И.Дворжак жергілікті халықтан естіген бір өлеңді келтіріп, оны өзінің чех тіліне жасаған аудармасында береді. Автордың айтуынша, бұл өлең «Кномбайға» тиесілі екен. Алайда салыстырмалы талдау мұндай мәтінді Абайдың поэтикалық мұрасынан кездестіруге болмайтынын көрсетеді. Сондықтан үлкен ықтималдықпен бұл – ақынға қате телінген, ел ішінде кең тараған халықтық туынды деп жорамалдауға болады. 

Дегенмен де, деректерде фак­тологиялық ауытқулардың кездесетініне қарамастан бұл дерек қазақ, чех және словак халықтарының арасындағы алғашқы мәдени өзара ықпалдастықтың құнды айғағы болып саналады. Абайдың есімі бұрмаланған түрінде болса да, еуропалық оқырманға ғылыми еңбектер арқылы емес, куәгердің жадында сақталған бейнесі ретінде жетті. Осы жарияланым Абайдың чех пен словактың мәдени кеңістігіндегі ұзаққа созылған тарихының бастауына айналды.

Чех және словак оқырманының Абай есімімен алғашқы танысуы чехословак жауынгерінің жеке әсерлері аясында орын алған болса, оны қабылдаудың келесі, маңызы жағынан екінші кезеңі ғылыми-филологиялық сипат алды. Бұл Карл университетінің профессоры, көрнекті чех шығыстанушысы Людек Гржебичекке (чех тілінде – Ľudek Hřebiček) тиесілі еңбекпен байланысты. Профессор Л.Гржебичек (1934–2015) түркітану саласының танымал маманы болды. Ол қазақ, ұйғыр, түрік, осман және шағатай тілдерін жетік меңгерген еді. Ғалымның зерттеу қызметі түркі лингвистикасының, әдебиеті мен философиясының кең ауқымын қамтығанымен, Абай мұрасына ол айрықша көңіл бөлді. 1959 жылы Прагада 5000 данамен Абайдың философиялық еңбегі – «Қара сөздердің» чех тіліндегі аудармасы жарық көрді. Ол «Өмір мен адамдар туралы қырық толғаныс» («Čtyřicet rozjímaní o životě a lidech») деген атаумен басылып шықты. Кітаптың атауының өзі назар аударуға тұрарлық. Көптеген батыс зерттеушілері шығарманың атын орысша аудармалар арқылы түсіндірсе, Л.Гржебичек чехословак оқырманына формалды аударманы емес, еңбектің ішкі мәні мен идеялық өзегін жеткізуге ұмтылды. Мұндай ұстаным оның қазақша түпнұсқа мәтінді және түркі философиялық дәстүрін терең түсінуіне негізделген еді. Профессор Гржебичек әдейі сөзбе-сөз калькадан бас тартып, өзінің пайымдауынша шығарманың мәнін дәлірек жеткізетін нұсқаны ұсынды. Ол нұсқа Абайдың адам мінез-құлқы, мораль, білім, мәдениет және тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы толғаныстарын бейнелейтін еді. [2, 6 б.]

Аударманың тікелей қазақ тілінен жасалып, орыс тіліндегі нұсқаларға сүйенбегені – айрықша мәнге ие. Бұл, шамасы, «Қара сөздердің» еуропалық тілге түпнұсқадан тікелей жасалған тұңғыш әрі, бәлкім, жалғыз толық аудармасы болса керек. Ол тек Чехословакиядағы түркітану ғылымының өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы мәдениетаралық сұхбатқа салмақты үлес қосты.

Профессор Л.Гржебичек «Қара сөздерді» Еуропа тілдеріне тікелей аударумен айналысып жүрген уақытта, Абай тұлғасына өз назарын белгілі чех шығыстанушысы әрі заманының аса көрнекті мәдени қайраткерлерінің бірі академик Франтишек Соукуп та аударды. Оның «Абай туралы, өз халқының ақыны және ұстазы» («O Abajovi, básníkovi a učiteli svého národa») атты мақаласы 1959 жылы жазылып, «Қара сөздердің» чех тіліндегі басылымына соңғы сөз ретінде енгізілді. Бұл еңбек аударманы филологиялық әрі мәдени-тарихи түсіндірмемен толықтырды. [2]

Академик Соукуп сол кезеңде чех тілінде жарық көрген Абай өміріне қатысты ең толыққанды өмірбаяндық очеркті ұсынды. Онда нақты даталармен, деректермен және мәдениеттанулық түсіндірмелермен толықтырылған мәліметтер берілді. Алайда бұл мақаланың маңызы тек анықтамалық сипатымен шектелмейді. Оның шынайы құндылығы – Абайды қазақ әдебиетінің классигі ретінде ғана емес, әлемдік ауқымдағы ұлы гуманист ретінде танытуға жасалған талпынысында. Ф. Соукуп XV ғасырдың даңқты түркі ақыны мен ойшылы Әлішер Науаимен салыстыра отырып, чех әдеби дәстүрінде олардың тағдырлық ұқсастықтарына назар аударды. Ол:
«Абай Құнанбайұлын [Чехословакияда] өзінен бұрын өткен ұлы тұлға – Әлішер Науаидің тағдыры күтіп тұрды», – деп жазды. Ғалымның айтуынша, чехословак оқырманы бұл екі ойшылды да олардың төл әдеби мұрасынан гөрі олар жайында жазылған көркем романдар арқылы көбірек таныған [2, 104-105 бб.]. 

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 1950 жылдары жарық көрген чех тіліндегі аудармаларына (бұл жөнінде әлі де арнайы тоқталамыз), сондай-ақ чех жазушылары В. Гулпах, В. Цибула және Э. Фринта әзірлеген «Қылыш пен ән» («Meč a píseň») жинағындағы Науаиға арналған көркем очеркке сүйене отырып, Ф. Соукуп маңызды бір парадоксты атап өтті: шығыстың гуманистерінің өмірбаяндарымен чехословак оқырманы жақсы таныс болғанымен, олардың төл шығармашылығының шынайы әдеби болмысы қолжетімсіз күйінде қала берді.
«Аудармалардың жоқтығының басты себебі – тілдік кедергі, себебі поэзияны аудармадан қайта аудару мүмкін емес…» – деп қынжыла жазды академик Соукуп. Оның пайымдауынша, Абай өлеңдерінің терең сырын еуропалық оқырман тек қазақ тіліндегі түпнұсқадан тікелей жасалған көркем аударма арқылы ғана толық сезіне алады [2, 104б.].

Өз мақаласының соңында Ф.Соукуп келешекте чехословак оқырманы Абайдың поэтикалық мұрасын шығыс жыр дәстүрі мен гуманизмнің әмбебап құндылықтарын тоғыстыратын рухани көпір ретінде танып-білуге жол ашылады деген сенімін білдіре:«Бұл жинақта шығыстың классикалық поэзия өнері ұлы гуманист пен демократтың терең ой-толғаныстарымен астасып, әсем үйлесім тапқан біртұтас өнер туындысына айналар еді» деп түйіндеді [2, 105 б.]. 
Ф.Соукуп орынды атап өткендей, 1959 жылы Л.Гржебичектің «Қара сөздерді» түпнұсқадан тікелей аударған еңбегі жарық көргенге дейін чехословак оқырманы Абайды ең алдымен Мұхтар Әуезовтің туындылары арқылы таныды. Әсіресе «Абай жолы» эпопеясы чехословак жұртшылығына қазақ ойшылының тұлғасын ғана емес, сонымен бірге оның ғұмыр кешкен дәуірінің рухын танытқан алғашқы кең көлемді көркем шежіре болды.

Мұхтар Әуезовтің ұлы эпопеясы Чехословакия жұртшылығы арасында зор ілтипатқа ие болып, бірнеше мәрте аударылып, қайта басылуымен ерекше танылды. Оның алғашқы томы 1948 жылы Ярослав Длоугыйдың аудармасында жарық көрді. [3] Көшпенділердің тарихына айрықша қызыққан аудармашы сол тұста В.Янның Шыңғыс ханға арналған әйгілі трилогиясын да аударумен шұғылданып жүрген еді. Ал арада бір жыл өткен соң, 1949 жылы, эпопеяның екінші томы словак филологы Йозеф Салариктің тәржімасында «Абай әндері» («Písně Abajovy») деген атаумен оқырманға жол тартты. [4] 1951 жылы Братиславада романның үшінші басылымы словак тілінде «Abaj» («Абай») деген атпен жарық көрді [5]. Оның алғашқы томын тағы да Й.Саларик тәржімалады. Осылайша, небәрі 1948 бен 1951 жылдар аралығында Абайдың бейнесі чехословак оқырманына жақын әрі кеңінен танымал тұлғаға айналды. Соған қарамастан, Мұхтар Әуезовтің эпопеясы толық көлемде чех немесе словак тіліне тәржімаланған жоқ. Бұл бағыттағы ең соңғы елеулі еңбек 1961 жылы жарық көрді: сол жылы аудармашы Марта Личкова (слов. Marta Ličková) Slovenský spisovateľ баспасынан «Абай жолы» («Abajová cesta») атауымен, Чехословакия үшін едәуір үлкен саналатын 5000 даналық таралыммен жариялады [6]. Басылым эпопеяның алғашқы екі томын қамтыған словак тіліндегі антология ретінде оқырманға ұсынылды.

Марта Личкова орыс әдебиеті мен сөз өнері бойынша Чехословакияның алдыңғы қатарлы мамандарының бірі еді. Ол өзінің қайғылы тағдырымен де белгілі: 1960 жылдары ол КСРО-да тыйым салынған жазушы Александр Солженицынмен байланыс орнатып, күйеуі оның қолынан «Раковый корпус» романының қолжазбасын алған. Бұл шығарма кейін 1968 жылы ағылшын тілінде жарық көрді. 1968 жылдан 1989 жылдың қарашасына дейін М.Личкова ресми түрде өз аудармаларын жариялау құқығынан айырылды. Соған қарамастан, оның Қазақстан мен Орталық Еуропа арасындағы мәдени байланысқа қосқан үлесі баға жетпес, әрі арнайы зерттеуді де, лайықты құрметті де қажет етеді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының Чехословакияда, ал кейін тәуелсіз Чехия мен Словакияда кеңінен танымал болғанын қазақ мәдениетіне арналған академиялық, мәдени және публицистикалық әдебиеттерде жиі ұшырасатын сілтемелер айғақтайды.Мысалы, Словакияның бұрынғы мәдениет министрі (1992–1994 жж.), белгілі жазушы және публицист Душан Слободник (слов. Dušan Slobodník) 1984 жылы жазған «Дәстүр мен заманауилық» («Tradície a súčasnosť») атты мақаласында Әуезовтің еңбектерін қазақ әдеби дәстүрін түсіну үшін маңызды бағдар ретінде атап өтеді: «Жалпы алғанда, қазақ жазушыларының прозасында қария бейнелері терең де нанымды сипатталады, мұнда дәстүрдің ықпалы айқын сезіледі (бәріміз де М.Әуезовтің «Абай» мен «Абай жолы» кітаптарын жақсы білеміз)». [7, 323 б.]

Бұл қысқа ғана ишараның өзінде үлкен мән жатыр. Мұхтар Әуезовтің романында сомдалған Абай тұлғасы Қазақстанды еске түсіретін тұрақты мәдени рәмізге айналып, әдеби ортадан асып, саясаткерлерге де, мәдениет қайраткерлеріне де, қарапайым оқырманға да таныс әрі жақын болды.Әуезов қаламынан туған Абайдың көркем бейнесі ғылыми-зерттеу мен әдеби кеңістікте ғана емес, Чехословакияның рухани-діни өмірінде де өзінің орнықты орнын тапты. Мұның айқын айғағы – атақты словак ақыны әрі грек-католик дін қызметкері Эмил Корбаның 1977 жылдың желтоқсан айында грек-католиктердің басты айлық басылымы «Slovo» журналында жарық көрген очеркінен білсе болады [8, 7 б.]

Э.Корба Алматы сапарынан кейін жазған «Достар елінен» («Z krajiny našich priateľov») атты аталмыш очеркінде қала көріністері мен адамдарын, қазақ мәдениетінің болмысын әсерлі сипаттайды. Оның баяндауында Абай Құнанбайұлына айрықша орын беріледі: «Мен қазақ халқын алғаш рет оның ұлы перзенті – Абай Ибраһим Құнанбаевтың шығармасы арқылы жақын таныдым. 1959 жылы Прагада «Svět sovětů» баспасынан чех тілінде «Өмір мен адамдар туралы қырық толғаныс» деген атпен жарық көрген бұл кітап маған данагөй ойшыл мен оның халқы жөнінде тағылымды да қызықты мәліметтер сыйлады» [8, 7 б.]. Э.Корба Абайдың ағартушылық қызметінің ауқымына таңғалысын жасыра алмай:«Құнанбаев бұл кітабын жазып отырған кезеңде оның елінде сауаты барлар санаулы ғана еді. Жүз адамның екеуі ғана әріп танып, жаза алатын. Бұл оқиға бүгіннен есептегенде сексен жылдан астам уақыт бұрын болғанын ескерсек…» деп жазады [8, 7 б.].

Бұл жайттың мәні айрықша, өйткені ол академиялық ортадан емес, Абайдың мұрасынан өз рухани және мәдени бағдарларымен үндестік тапқан словак ақыны, гуманист және дін қызметкерінің аузынан шыққан еді.Эмил Корба (1930–1978) өмірінің түрлі кезеңінде Прешов грек-католик епархиясының приходтарында қызмет етіп, Slovo, Blahovistnik және Katolícke noviny сияқты беделді басылымдардың бас редакторы болды. Сонымен қатар, ол бірнеше поэзиялық жинақтардың авторы ретінде де танымал. 2006 жылдан бастап Словакияда оның есімі елдің рухани мәдениетіне қосқан елеулі үлесін бағалау мақсатында Прешов архиепархиясы тағайындаған Эмил Корба атындағы жыл сайынғы сыйлықпен ұлықталып келеді.

1973 жылы Чехословакия ғылым академиясы жанынан шығатын беделді басылым – Философиялық журналда (Filosofický časopis) қазақстандық философ, философия ғылымдарының докторы, профессор Қасым Бейсембиевтің (1919–1980) «Abaj Kunanbajev – významný kazašský osvícenec» («Абай Құнанбаев – көрнекті қазақ ағартушысы») атты мақаласының чех тіліндегі аудармасы жарияланды [9, 72–79 бб.]. Қасым Бейсембиев өз мақаласында Абайды замананың әлеуметтік әрі адамгершілік мәселе­лерін тереңнен толғаған ағар­тушы-философ ретінде бейнеледі. Бұл еңбектің беделді академиялық журналда жариялануы 1970 жылдардағы Қазақстан мен Чехословакия арасындағы гуманитарлық байланыстар тарихындағы елеулі белеске айналды. Өйткені қазақтың философиялық ойлау дәстүрі Орталық Еуропаның ғылыми кеңістігінде тұңғыш рет осындай айқын әрі салмақты түрде таныстырылған санаулы сәттердің бірі болатын [9, 72 б.].

Аталған мақала чехословак оқырманына Абайды тек көркем шығарманың кейіпкері емес, ой мен иманды, еңбекті және адамгершілікті тоғыстырған шығыстық философиялық дүниетанымның өкілі, терең жүйелі ойшыл ретінде тануға мүмкіндік берді. Осылайша,  ХХ ғасырдағы чех және словак мәдениетінде Абай Құнанбайұлының рухани бейнесі үш өзара сабақтас арнаның негізінде қалыптасты. Бірінші әрі ең бастысы – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болды. Бұл шығарма қазақ руханиятына ашылған кең терезеге айналып, Абай тұлғасын чехословак оқырманына кеңінен танытып, қастерлі бейне ретінде орнықтырды.Екінші маңызды арна – 1959 жылы Л.Гржебичек жасаған «Қара сөздердің» чех тіліндегі аудармасы. Бұл еңбек чех және словак қауымына Абайдың шынайы философиялық үнін тікелей қазақ тілінен естуге жол ашып, оның гуманистік әрі ағартушылық қырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.Үшінші қайнар көз – чех және словак зерттеушілерінің (Ф. Соукуп, Э.Корба, О.Марушьяк және т.б.) мақалалары мен очерктері, сондай-ақ қазақстандық ойшылдар мен қаламгерлердің еңбектері. Әсіресе Қ.Бейсембиев пен А. Нұрпейісовтің Абай тақырыбын тікелей не жанама түрде қамтыған еңбектерінің аудармалары [9, 10] ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан талдап, салыстырмалы және тұжырымды қырынан пайымдауға мүмкіндік берді.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романы Чехословакияда қазақ әдебиетінің клас­­сикасы ретінде кеңінен мойын­далғанымен, оның қабылдануы әрқашан біркелкі болған жоқ. Бұл туралы чехословак әдебиеттанушысы Ондрей Марушьяк (слов. Ondrej Marušiak) 1981 жылы жарық көрген Әуезовтің «Қилы заман» («Krušný rok») әңгімелер жинағының словакша басылымына жазған алғысөзінде ашық жазды. Жинаққа жазушының ертеректегі прозалық туындылары енгізіліп, оларды фи­лологтар  М. Такачова мен М. Филкусова ау­дарған болатын [11].О.Марушьяк Абай туралы романдардың жоғары көркемдік деңгейін айрықша құрметпен атап өтсе де, еуропалық оқырман үшін олардың қабылдануындағы белгілі бір тосқауылдарға назар аударды: «Әуезов шығармашылығының объективті жоғары шеберлігі біз үшін толық мағынасында әлі де түсінікті бола қойған жоқ……Алайда дәл осы «Абай» мен «Абай жолы» романдары бізде де аударылып, 1959 жылы Лениндік сыйлыққа лайық деп танылған болатын». [11, 377 б.]

Зерттеуші, өз пайымынша, оқырман ықыласының бәсеңдеу себептерін де ашып көрсетті: «Мұның сыры, бәлкім, шығарманың мазмұнында жатқан болар. Қазақтың ұлттық болмысына тән ұзақ суреттемелер – біздің жұрт көзімен көрмеген көріністер. Бұған қоса, тосындау естілетін есімдер мен бізге жат сезілетін көңіл күйлері де бар. Олар басқа өмір салты мен ырғағына, өзге өркениеттік формалар мен өлшемдерге тән дүниелер». [11, 378 б.]

О.Марушьяктың еңбегінен кейін шамамен қырық жыл өткен соң, Абайдың Әуезов сомдаған бейнесіне чех зерттеушісі, Палацкий университеті Шығыстану кафедрасының ғалымы Ян Брзобогатый (чех. Jan Brzobohatý) қайта оралды. Ол 2020 жылы «Қазақстан мен Қытайдағы ақындық дәстүр» («Akynská tradice Kazachstánu a Číny») атты монографиясын жариялап, оның бір тарауын Абай Құнанбайұлына арнады [12]. Автор Чехияда Абайға деген қызығушылықтың қалыптасуында М.Әуезов романдарының маңызын мойындай отырып, ақын бейнесінің сол дәуірдің ықпалына ұшырағанын атап өтті: «Абайға және оның мұрасына деген қызығушылық [Чехословакияда] 1940 жылдардың екінші жартысында оянды. Ол кезде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы жарық көріп, [чех тіліне] аударыла бастаған еді...

Алайда романның желісі ақынның өмірбаяндық шындығына толық сәйкес келмейді, өйткені сол уақыттың жағдайында автор таптық күрес элементтерін және қоғамның ең кедей топтарына қатысты тақырыптарды енгізуге мәжбүр болды. Бұл идеологиялық сарындар алдын ала аяқталған мәтінге қоса өрілді». [12, 51 б.]

Абайдың бейнесі кейінгі жылдары заманауи словак гуманитарлық еңбектерінде де жаңғыра көрінді. Әсіресе оның тұлғасын Мағжан Жұмабайдың болмысымен сабақтастыра ашу ерекше назар аударарлық. Банска-Быстрицадағы Матея Бел университетінің философия факультетінің профессоры Виктория Ляшук пен Трнава университетінің педа­гогикалық  факультетінің өкілі Ксения Ляшук «Жердің, таудың және ғарыштың ақыны» [13] атты мақаласында былай деп жазады:«Мағжан Жұмабай ұлттық ақын үшін үлгі боларлық ең биік тұлға ретінде өзінің идеялық та, әдеби де ізашары Абайды таныды. Ол Абайдың тағдырын суреттей отырып, нағыз данышпан ақын өз халқы тарапынан бірден түсінілуі мүмкін емес, әрі ондай болуға тиіс емес екенін айқындады…» [13, 10 б.]. Бұл мақала М.Жұмабай шығармаларының словак тіліндегі алғашқы көлемді жинағы – «Мен тек күнге ғана табынамын» («Iba slnko poslúcham») кітабына алғысөз ретінде жазылды. Аталған басылым 2023 жылы Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшілігінің бастамасымен жарық көріп, екі халық арасындағы мәдени байланысқа тың серпін берді.

Жинаққа енгізілген Мағжанның Абайға арналған «Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға» атты өлеңінің словак тіліндегі аудармасы ерекше құндылыққа ие болды («Významný básnik – učiteľ zlatého slova Abaj») [13, 17–18 бб.]. Осылайша, словак оқырманы Абайдың бейнесін тек Мұхтар Әуезовтің шығармалары арқылы ғана емес, басқа бір қазақ данышпаны – Мағжанның поэтикалық көзімен де танып, қабылдау мүмкіндігіне ие болды.

Абай мұрасын Словакияда ілгерілетуде ерекше рөл атқарған бастама – ақынның 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шаралар болды. Елшілік бастамасымен «Қара сөздердің» жаңа, академиялық тұрғыдан дәл аудармасы словак тіліне басылып шықты [14]. Басылымға алғысөзді сол кезеңде Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған Роман Василенко жазды. Оның словак тілінде жазылған «Өлмес Абай» («Nesmrtelný Abaj») атты мақаласы ақынның өмірбаяндық және онтологиялық қырларын Словакия ұлттық поэзиясының негізін қалаушы Павол Орсаг Гвездославпен салыстыра ашып көрсетеді: «Қазақстан халықтарының мәдениеті мен қоғамын дамытудағы оның үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Сондықтан да Словакияда Абай шығармашылығымен таныс оқырмандар оның мұрасын ұлы Павол Орсаг Гвездославтың словак ұлтының қалыптасуына қосқан үлесімен салыстыруы тегін емес». 

Абайдың шығармашылық мұрасын Словакияда насихаттау Елшіліктің бастамаларымен жүйелі дәстүрге айналды. 2025 жылғы ақпан айында Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшілігі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ірі әдеби кеш өткізді. Бұл шараға Словакияның белгілі зерттеушілері, жазушылары, аудармашылары, публицистері мен философтары шақырылды. Кеш қонақтарына Абайдың поэзиясы, философиясы, гуманистік ойлары, музыкалық туындылары және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі рөлі жан-жақты таныстырылды. Бағдарлама аясында ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерінің» аудармалары оқылып, Абайдың әндері мен күйлері орындалды. Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова словак жұртшылығына Абайдың тұлғасы туралы айта келіп, оның шығармашылық табиғатының сан қырлылығын ерекше атап өтті. Ол словак оқырманына ақынның поэзиясы мен музыкалық мұрасымен тікелей танысуға мүмкіндік беретін мазмұнды бағдарлама ұсынылғанын жеткізді: «Абайдың шығармашылығында музыканың орны айрықша. Ол – аса дарынды музыкант, адамның ішкі сезімін, арман-тілегін, өмірлік тәжірибесін бейнелейтін бірегей әуендер жасаған тұлға. Оның философиялық мәнге толы әндері қазақтың мәдени кодының ажырамас бөлігіне айналды. Оның сөзі қазақ халқын дәл Шекспир, Гете немесе Гвездослав өз халықтарын қаншалықты рухтандырса, соншалықты шабыттандырып келеді».

Сонымен қатар, дипломат Абайдың дүниежүзілік гуманистік дәстүрдегі орнын айрықша атап өтті:
«Абай есімі Қазақстан мәдениетінің жүрегінде тұр. Алайда оның мұрасы әлдеқашан ұлттық шеңберден асып, әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналды».
Чех және словак кеңістігіндегі Абайды қабылдау тарихын айтқанда, Словакия Ғылым академиясы шығарған ұлттық энциклопедия – Encyclopaedia Beliana-ны айналып өту мүмкін емес. Көп томдық бұл еңбек немістің Brockhaus пен ағылшынның Britannica-сына теңестірілетін Словакияның бас­ты энциклопедиялық басылымы саналады. Мұнда жарияланған «Қазақ әдебиеті» («Kazašská literatúra») [14] атты шолу мақаласында Абай жаңа қазақ жазба дәстүрінің негізін қалаушы ретінде сипатталады. Бұл жазба Словакия ғылымындағы жоғары академиялық деңгейдің ғана емес, сонымен бірге Қазақстанға деген тұрақты ғылыми-мәдени қызығушылықтың айқын дәлелі болды. Мақалада қазақ әдебиетінің түп-тамыры халық поэзиясының бай мұрасынан – батырлық жырлардан, үйлену мен жоқтау өлеңдерінен, мақал-мәтелдер мен айтыс дәстүрінен бас­тау алатыны айтылып, XIX ғасырдың екінші жартысында жазба әдебиеттің қалыптасуымен бірге Абай Құнанбайұлы шешуші әрі іргелі тұлға ретінде аталды:«Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы – Абай Құнанбаев. Ол қазақ пен орыс мәдениетінің жақындасуын жақтап, А.С.Пушкиннің, сондай-ақ Гёте мен Гейненің туындыларын қазақ тіліне аударды» [14].

Осылайша, Абай тұлғасы энциклопедияда ағартушы әрі мәдениеттер арасын жалғаушы ретінде ғана емес, ауызша дәстүрден жазба философияға, этникалық ерекшеліктен жалпыадамзаттық ойға жол ашқан ұлы қайраткер ретінде орнықты. Бұл дерек Еуропаның академиялық дәстүрі үшін аса маңызды: Словакияда Абайдың бейнесі өзге халықтардың ұлттық әдебиетінің негізін қалаған тұлғалармен – Пушкин, Шев­ченко,  Гвездослав немесе  Петефимен қа­тар қойылып отыр [14].  

Қорытынды­лай келгенде, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығының Чехия мен Словакиядағы мәдени тоғысуы ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан ерекше рухани сабақтастықтың айғағы. 1921 жылдан бастау алған бұл жол ресми бастамалармен ғана емес, кітаптар мен аудармалар, мақалалар мен естеліктер, оқырмандардың шынайы ықыласы арқылы жалғасын тапты. 1959 жылы жарық көрген «Қара сөздердің» чех тіліндегі аудармасы, өзге де көркем және философиялық туындыларының тәржімелері, сондай-ақ сан алуан ғылыми-публицистикалық еңбектер қазақ халқының рухани кемелділігін бейнелейтін Абай тұлғасын чех пен словак мәдениетінің тұрақты бөлігіне айналдырды. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы Абайды еуропалық оқырманға жан-жақты қырынан – данышпан ойшыл ғана емес, өмірлік тағдыры бар тірі адам ретінде таныстырды. Бұл өз кезегінде Қазақстанды да тек географиялық ұғым емес, идеялар мен образдарға бай мәдени кеңістік ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Маңыздысы – Абай есімі шығыстанушылардың еңбектерінде ғана емес, газет-журнал беттерінде, әдеби эсселерде, дін қызметкерлері мен елшілердің сөзінде, ақындар мен саясаткерлердің ойларында жиі кездеседі. Бұл оның даңқын қолдан жасаған әрекеттермен емес, шын ықыласпен қабылдау арқылы орныққанын көрсетеді. Абайды ешкім мәжбүрлеп оқытқан жоқ – оны өздігінен оқыды; ешкім насихаттап түсіндірген жоқ – ол өзі-ақ әңгіме арқауына айналды. Мәдени жад тек сақталатын ғана емес, қабылданып, қайта пайымдалатын құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, чех және словак оқырманы Абайды өз тарихи тәжірибесі мен құндылықтары арқылы жаңаша таныды. Бұл тәсіл оның бейнесін бүгінгі күнге дейін өзекті әрі өміршең етіп отыр. Қазіргі Қазақстан мен Орталық Еуропа елдері арасындағы ынтымақтастықта Абайдың мұрасына жүгіну ортақ рухани көпір салудың бір тәсілі. Гуманизм – кез келген мәдени диалогтың іргетасы, ал Абай шығармашылығы осы құндылықтың айқын үлгісі. Оның ойлары мен өлеңдері халықтарды жақындастыратын ортақ тілге айналып, ұлттық шеңберден шығып, әлемдік рухани мұраның ажырамас бөлігіне енді.

Сондықтан Абай бүгін де тек зерттеу нысаны емес, ой мен жүректің тоғысқан тұсы, халықтарды түсіністікке шақыратын тірі үн. Ол табынуды емес, ойлануды, сезінуді үйретеді. Ал бұл «толық адам» болудың, яғни ашықтық пен сезім­талдықтың, өзгенің асылын қадірлей білудің басты шарты. Осы арқылы Абай сөзі ғасырлар мен шекаралардан асып, Словакия мен Чехиядағы оқырманға да жақын, қымбат досқа айналды.

Мүмкін, XXI ғасыр әлі Абайды толық тыңдай қойған жоқ. Бірақ оның дауысын естуге дайын.

Пайдалынылған әдебиеттер тізімі:
1.Дворжак И. У казахов = U Kazachů — Прага: Česká grafická Unie, 1921.
2.Кунанбаев А. Сорок размышлений о жизни и людях = Čtyřicet rozjímání o životě a lidech / пер. с каз. Л. Гржебичека. – Прага: Svět sovětů, 1959.
3.Ауэзов М. Абай = Abaj / пер. с рус. Я. Длоугого. – Прага: Svět sovětů, 1948.
4.Ауэзов М. Песни Абая = Písně Abajovy / пер. с рус. Й. Соларика. — Прага: Svět sovětů, 1949.
5.Ауэзов М. Абай = Abaj / пер. с рус. Й. Соларика. – Братислава: Práca, 1951.
6.Ауэзов М. Путь Абая = Abajová cesta / пер. с рус. М. Личковой. – Братислава: Slovenský spisovateľ, 1961.
7.Антология казахской прозы = Antológia kazašských noviel — Братислава: Slovenský spisovateľ, 1984.
8.Корба Э. Из страны наших друзей = Z krajiny naších priateľov // Slovo. – 1977. – Дек., вып.
9.Бейсембиев К. Абай Кунанбаев — выдающийся казахский просветитель = Abaj Kunanbajev – významný kazašský osvícenec // Filosofický časopis. – 1973. – Т. 21, № 1. – С. 72–79. 
10.Встреча: Сборник казахских рассказов = Stretnutie: Zborník kazašských poviedok – Братислава: Smena, 1983.
11.Ауэзов М. Лихая година = Krušný rok – Братислава: Pravda, 1981.
12.Брзобогатый Я. Акынская традиция Казахстана и Китая = Akynská tradice Kazachstánu a Číny: бакалаврская работа / науч. рук. К. Гладикова. – Оломоуц: Университет Палацкого, 2020.
13.Жумабай, М. Лишь солнцу я покорен: Избранные стихи и проза = Iba slnko poslúcham: Vybrané básne a prozaické diela / пер. с каз. и рус. В. и К. Ляшук. — Братислава, 2023.
14.Kazašská literatúra. Encyclopaedia Beliana, ISBN 978-80-89524-30-3. [цит. 2025-05-26 ].