ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Қытайда аккредиттелген қазақстандық ұлттық компаниялардың, қаржы құрылымдардың және БАҚ өкілдерімен кездесті

Бейжің, 2022 жылғы 26 мамыр – Елші Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде ҚХР-да аккредиттелген қазақстандық ұлттық компаниялардың, қаржы құрылымдардың және БАҚ өкілдерімен жұмыс жиналысын өткізді.
Жиналыс барысында Елші қатысушыларды ҚР Президенті мен Үкіметінің ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Қытай нарығына экспортталатын қазақстандық өнімдердің номенклатурасын арттыру сияқты тапсырмаларымен таныстырды.
Ш.Нұрышев ү.ж. 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде өтетін референдумның мазмұнын түсіндіруге баса назар аударып, жиналғандарды Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінде, сондай-ақ ҚР-дың Шанхай қ. және Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы бас консулдықтарының жанынан ашылатын сайлау учаскелерінде дауыс беруге қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Қазақстанның ұлттық компаниялары, қаржы құрылымдары мен БАҚ өкілдері өз өкілдіктерінің ағымдағы қызметі мен 2022 жылға арналған жұмыс жоспарлары туралы хабарлады.
Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің үйлестіруімен Қазақстан мен Қытай арасындағы практикалық ынтымақтастықты бірлесіп ілгерілету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.