Основные показатели медико-социальной экспертизы по итогам 9 месяцев 2026 года2026 жылдың 9 айындағы медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі көрсеткіштері

Мүгедектігі бар адамдардың саны

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА) жалпы саны 762,4 мыңнан астам адамды құрады. Оның ішінде 637,8 мың адам – ересектер, 124,6 мың адам – 18 жасқа дейінгі балалар.

2026 жылдың 9 айында мүгедектікті белгілеу, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін анықтау және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша 197 488 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Алғашқы мүгедектік

2026 жылдың есепті кезеңінде алғаш рет мүгедектігі бар адам деп танылғандар саны 43 335 адамды құрады. Бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары (42 308 адам).

Олардың ішінде:

- ересектер – 30 919 адам (2025 жылдың 9 айында – 30 715 адам);
- 18 жасқа дейінгі балалар – 12 416 адам (11 593 адам).

Есепті кезеңде республика бойынша халықтың 10 мыңына шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші 21,0-ді құрады (2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 20,7).

Ересектер арасындағы алғашқы мүгедектіктің ауру түрлері бойынша құрылымы

Есепті кезеңде ересектер арасындағы алғашқы мүгедектіктің құрылымында:

- бірінші орында – қатерлі ісіктер, 29,9% (2025 жылдың 9 айында – 27,4%);
- екінші орында – қан айналымы жүйесінің аурулары, 25,4% (26,1%);
- үшінші орында – психикалық аурулар, 7,1% (6,2%).

18 жасқа дейінгі балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің құрылымы

Балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің құрылымында:

- бірінші орында – психикалық бұзылулар, 42,6% (2025 жылдың 9 айында – 32,9%);
- екінші орында – туа біткен аномалиялар, 17,4% (22,3%);
- үшінші орында – жүйке жүйесінің аурулары, 14,5% (17,2%).

Психикалық бұзылулар салдарынан алғаш рет мүгедектігі бар адам деп танылған балалардың саны 3 819-дан 5 290-ға дейін өсті.

Қайта куәландыру

2026 жылдың 9 айында 135,3 мың адам қайта куәландырудан өтті, оның ішінде 126,2 мың адам мүгедектігі бар адам деп танылды.

Қайта куәландырудың негізгі көрсеткіштері:

- толық оңалту – 8 815 адам (6,7%), 2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 9 054 адам (7,0%);
- ішінара оңалту – 8 022 адам (13,3%), 2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 7 913 адам (14,2%);
- жағдайының ауырлауына байланысты қайта куәландыру – 6 907 адам (6,0%), 2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 6 856 адам (6,0%).

Сырттай проактивті куәландыру

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша сырттай куәландыруға 94,6 мың өтінім қаралды. Бұл медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 47,9%-ын құрайды.

2026 жылға арналған «AMANAT» партиясының Жол картасына сәйкес Комитетке медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санындағы сырттай проактивті куәландыру үлесін 45%-ға жеткізу міндеті қойылған.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары институты

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 156-бабын іске асыру аясында 2025 жылғы қаңтардан бастап медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары институты енгізілді.

Тәуелсіз сарапшыларды сырттай проактивті форматта медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге тарту денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарының кәсіби тәжірибесі мен білімін пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тәуелсіз сарапшылар тізіліміне 79 тәуелсіз сарапшы енгізіліп, олар медициналық-әлеуметтік сараптаманың 81 953 актісін қарады.

Мүгедектікті белгілеудің ерекше тетігі

Мүгедектікті белгілеу рәсімдерін оңтайландыру, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың оны уақтылы әрі жеңілдетілген тәртіппен алуын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 1 шілдеден бастап сырттай проактивті куәландырудың ерекше тетігі бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.

Жоба медициналық деректері объективті, толық және бетпе-бет тексеруді қажет етпейтін жағдайларды қамтиды. Атап айтқанда, туа біткен және жүре пайда болған қайтымсыз ақаулар, аяқ-қолдардың ампутациясы, балалардағы Даун синдромы және мукополисахаридоз жағдайлары қарастырылады.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ерекше тетік аясында 1 285 сараптамалық шешім шығарылды.

Жарияланған күні

06 қараша 2026 09:14

Жаңарту күні

06 қараша 2026