2021-2023 жылдарға арналған Облыстық бюджетті қалыптастыру бойынша шараларды іске асыру
ҚР Бюджет кодексінің 65-1 бабына сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ағымдағы қаржы жылының 1 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік шығыстардың лимиттерін жеткізеді.
Жеткізілген шығыстар лимиттеріне сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ағымдағы жылдың 15 мамырына дейінгі мерзімде ағымдағы трансферттерді бөлу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалар жобаларын ұсынады.
ҚР Бюджет кодексінің 72 бабына сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы облыстық бюджеттің жобасын жасайды және оны ағымдағы қаржы жылының 15 қыркүйегінен кешіктірмей облыстың бюджеттік комиссиясының қарауына енгізеді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан кешіктірмей облыстық бюджет жобасын облыс әкімдігінің қарауына ұсынады.
Облыс әкімдігі "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған Қоғамдық кеңестің отырысында облыстық бюджет жобасын талқылауды өткізеді.
ҚР Бюджет кодексінің 75-бабына сәйкес облыстық бюджеттің жобасын облыс әкімдігі ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірмей облыстық мәслихатқа енгізеді.
ҚР Бюджет кодексінің 78-бабына сәйкес облыстық бюджеттің жобасы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Тұрақты комиссиялар облыстық депутаттардың пікірлерін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен жергілікті бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
ҚР Бюджет кодексінің 74-бабына сәйкес республикалық бюджетті бекіту Палаталардың бөлек отырысында алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта ағымдағы қаржы жылының 1 желтоқсанынан кешіктірмей дәйекті түрде қарау арқылы жүзеге асырылады.
Облыстық бюджет облыстық мәслихат депутаттарының ұсыныстары бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы Заңға қол қойғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей облыстық мәслихат сессиясының шешімімен бекітіледі. Қазіргі уақытта бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін бюджеттік өтінімдер ББӘ оларды қараусыз, оларды одан әрі пысықтау және белгіленген мерзімде қайта ұсыну үшін қайтарылған. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келетін бюджеттік өтінімдер қарауда болады.
09 маусым 2020 00:00
09 маусым 2020