Сарапшылар респираторлық медицина, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың өзекті мәселелерін талқылады

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қолдауымен ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының базасында респираторлық медицина және ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың өзекті мәселелері бойынша халықаралық конференция гибридті форматта өтті. Офлайн форматта Қазақстанның барлық өңірлерінен 183, онлайн форматта – 7 677 практик дәрігерлер, эпидемиологтар қатысты.
Конференция жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ДДҰ өкілдері, жетекші ұлттық және шетелдік ғалымдар (Ресей, Өзбекстан) және еліміздің қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференцияда клиниканың, эпидемиологияның, респираторлық инфекциялар: тұмау және ЖРВИ, COVID-19, пневмококк инфекциясының диагностикасы мен алдын алудың өзекті мәселелері және вакцинацияға сеніммен байланысты басқа да факторлар талқыланды.
Конференцияда сөз сөйлеген Комитет төрағасының орынбасары З.Д. Ахметова: «Елімізде тұмау және тұмауға ұқсас (ЖРВИ) ауруларды эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі, аурушаңдыққа, тұмау вирусының айналымына мониторинг жүргізу және геномдық секвенирлеу нәтижелері бойынша вирустың жаңа штамдарын анықтау түрінде қамтамасыз етілді», - деп атап өтті.
Сондай-ақ ол профилактикалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті және қатысушылардың назарын «2023-2024 жж.эпидемиялық маусымына тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №6 қаулысына аударды, ол ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейді.
Өз кезегінде, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы, доктор Скендер Сыла суық тию мен тұмау маусымының басталуымен халықтың нақты және өзекті ақпаратты, атап айтқанда вакцинацияның маңыздылығы туралы ақпаратты алуы өте маңызды екенін атап өтті.
Конференция сарапшылардың кәсіби пікірлері мен ғылыми-практикалық тәжірибелерін қалыптастыру және алмасу үшін диалог алаңына айналғанын атап өту керек.