Инфекцияның алдын алу және инфекцияны бақылаудың жаңа тәсілдері

28-30 қарашада елордада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп «Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау (ИАИБ) – COVID-19 сабақтары» тренингін өткізуде.
Гибридті форматта ұйымдастырылып отырған іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары З.Ахметова, Қазақстандағы ДДҰ Елдік кеңсесінің ұлттық кәсіби офицері Л. Өтемісова, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері басшыларының орынбасарлары, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, ауруханаішілік инфекциялардың жауапты мамандары қатысуда.
Ұлттық деңгейде және медициналық мекемелер деңгейінде инфекциялардың алдын алу мен инфекциялық бақылауды жетілдіру мәселелеріне арналған тренингте ДДҰ-ның Қазақстандағы Елдік кеңсесі мен Еуропалық бюросының консультанттары, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының сарапшылары баяндама жасауда.
Тренинг барысында қатысушылар ИАИБ-ның негізгі компоненттерін және оны Қазақстанда енгізуді талдап, инфекцияның өршуін тергеудің, медициналық ұйымдардағы микробқа қарсы төзімділік мониторингінің заманауи тәсілдерін талқылауда, сондай-ақ инфекциялардың алдын алудың практикалық жағдайларын және т.б. қарастырып жатыр.
Іс-шара қорытындысы бойынша ИАИБ жақсарту үшін құрылымдардың одан әрі бірлескен іс-қимылдары айқындалады. Атап айтқанда, бір жағынан қатысушылардың ИАИБ туралы білімі, екінші жағынан медициналық қызмет көрсетудің қауіпсіздігі мен сапасы жақсарады.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті халқымыздың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында серіктестермен өзара іс-қимылды жалғастырады.