Қызылорда станциясында обамен ауыратын науқас анықталған жағдай бойынша оқу жаттығу өткізілді

Қызылорда станциясында обамен ауыратын науқас анықталған жағдай бойынша оқу жаттығу өткізілді

               Қызылорда көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының кешенді, жедел жоспарына сәйкес Қызылорда темір жол станциясында аса қауіпті инфекция - оба белгілері бар науқас анықталған жағдай бойынша оқу жаттығу ұйымдастырылып өткізілді.

              Оқу жаттығудың мақсаты: оба ошағын оқшаулау және жою бойынша барлық қызметтер мен құрылымдардың өзара іс-қимыл тәртібін пысықтау. Жоспарға сәйкес, Қызылорда басқармасының атына №75 «Арлан-Транс-Астана» жолаушылар пойызы машинисінен аса қауіпті инфекцияға күдікті, қатты бас ауруы, қалтырау және жоғары температураға шағымданған науқас туралы хабарлама келіп түсті.

               Осыған байланысты, Қызылорда басқармасының хабарландыру схемасына  сәйкес барлық емдеу-профилактикалық мекемелерді, темір жол бөлімшесі басқармасының басшылығын, Қызылорда станциясының құқық қорғау органдарын хабардар етті.

               Поездың келуіне 10 сағат 38 минутта барлық  іске қосылған қызметтер ошақтағы аса қауіпті инфекциялар бойынша қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін Қызылорда станциясының перронына келді. № 75 жолаушылар поезының құрамынан № 5 вагон ағытылған және санитарлық тұйыққа жіберілген.

               Құрамында эпидемиолог, чумолог, инфекционист бар консультациялық топ науқасты тексергеннен кейін клиникалық және эпидемиялық деректер негізінде «Оба»  алдын ала диагнозын қойды. 

                Зертханалық зерттеулерге материалды іріктегеннен кейін науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, науқаспен байланыста болған барлық 7 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілді.

                 Оба ошағын оқшаулауға тартылған барлық қызметтер мен құрылымдар аса қауіпті инфекциялар туындаған жағдайда нақты өзара іс-қимыл мен дайындықты көрсетті. 

                  Оқу жаттығуға Қызылорда басқармасының, Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының, облыстық жедел медициналық жәрдемнің, ішкі істер желілік бөлімінің мамандары, «Арлан-Транс-Астана» ЖШС қызметкерлері белсенді қатысты. Оқу жаттығу барысында 3 автокөлік іске қосылған. Оқу жаттығуды ұйымдастыруға және өткізуге «Қазақстан Темір Жолы «Ұлттық компаниясы» АҚ темір жолының барлық бөлімшелері тікелей көмек көрсетті.