Алматыда COVID-19-ға қарсы иммундық жүйені 148 мыңнан астам адам нығайтты

Ревакцинация -бұл вирусқа қарсы иммунитетті арттыру мақсатында алғашқы вакцинация курсынан кейін препараттың қосымша дозасын енгізу, өйткені уақыт өте келе қорғаныс төмендеуі мүмкін.
Көптеген тұрғындар үдеткіш дозаны қолдануға қатысты « Егер бізге ревакцинация қажет болса, бұл вакциналар жұмыс істемейді дегенді білдіре ме?» деген сұрақ қояды. Иммунологтар бұл қате пікір деп нақты айтады, өйткені COVID-19 вакциналары аурудың, ауруханаға жатқызудың және тіпті өлімнің алдын алады. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар уақыт өте келе, әсіресе халықтың белгілі бір санаттарында иммунитетті қорғау деңгейінің төмендегенін атап өтті.
Алматы қаласында 2021 жылдың 22 қарашасынан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинация басталды. Қалаға « Спутник Лайт» вакцинасы келіп түсті және осы аптаның басынан бастап егу бөлмелерінде қол жетімді.
27.01.2022 жылы жағдай бойынша Алматыда 148 041 адам қайта вакцинацияланды, бұл 14,0% - ды құрайды. Жұқтыру қаупі жоғары халық топтары арасында ревакцинацияны қамту мынадай түрде бөлінді: медицина қызметкерлері – 19 780 (57,1 %); педагогтар – 7 556 (22,5 %); полиция қызметкерлері–1 036 (18,8 %), ҚР ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ қызметінің қызметкерлері, ПІБ контингенттері, мемлекеттік қызметшілер, медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар және халықтың басқа да топтары 4,5% - дан 54,0% - ға дейін егілді.
Бүгінгі күні иммундық жүйені: «Qaz COVIDin/Қазвак» -74 467 адам, «Hayatvax» - 457 адам, «CoronaVac» - 161 адам, «VeroCell» - 51 286 адам, «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ)- 11 577 адам, «Спутник Лайт» -10 093 адам вакциналарымен нығайтты.
Ревакцинация COVID-19-ды жұқтыру қаупі жоғары немесе ауыр науқастану қаупі жоғары адамдарды қосымша қорғауды қамтамасыз етуі мүмкін. КВИ ауыр ағымының қаупін арттыратын ауруларға қант диабеті, жүрек-тамыр аурулары, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, өкпе, бауыр аурулары, онкология, АИТВ және жүктілік жатады. Бұл дегеніміз, осы санаттағы адамдарға жасырын вирустан қорғауды, дәлірек айтсақ, COVID-19-ға қарсы вакцинация мен ревакцинацияны қажет етеді.
Атап айту керек, Гамалея орталығының бағалауы бойынша ревакцинацияның тиімділігі коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинацияның әсерінен шамамен 1,6 есе асып түседі.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық Департаменті алдын алу шараларын сақтау — маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу және антисептикті қолдану — екпе алғаннан кейін де қажет екенін еске салады. Сондай-ақ, қала тұрғындарын азаматтық жауапкершілік танытуға және вакцинация мен ревакцинация туралы мәселені кейінге қалдырмауға шақырамыз, өйткені ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы ғана үйреншікті өмір салтына оралуға мүмкіндік береді.