Батыс Қазақстан облысы «сары аймақта»

Батыс Қазақстан облысы «сары аймақта»

Батыс Қазақстан облысында індет басталғалы коронавирус инфекциясымен барлығы 11785 жағдай тіркелді, оның ішінде бүгінгі күні 9444 науқас ауруынан жазылып шықты.

Алдыңғы аптамен салыстырғанда, осы аптада коронавирус инфекциясы жағдайларының тіркелуі облысымызда 4,2 пайызға азайды. Өткен тәулік бойынша өңірде COVID-19 84 жағдай тіркелді, оның ішінде 53 жағдайда ауру белгілері анық байқалса, 31 жағдайда ауру - симптомсыз.

2021 жылғы 8 ақпанда БҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы карантиндік шектеу шаралары туралы» қаулысы шықты. Қаулы бойынша сауна, бассейн, SPA орталықтары, жабық базарлар мен сауда үйлері, сауда орталықтарының жұмысы (оларда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазалау, гүлдерді сату дүкендерін, фотосалондарды, кинотеатрларды, банктерді (банкоматтарды) қоспағанда) жексенбі күндері тоқтатылады.

Қоғамдық тамақтану нысандарына №67 ҚР БМСДҚ талаптарын сақтай отырып, сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін (толтырылуын  50%-дан асырмай, 50 орыннан артық емес, үстелдер арасында 2 метрден кем емес арақашықтықты сақтауды қамтамасыз ету, бір үстелге отырушылар саны 4 адамнан аспауы тиіс, ұжымдық, салтанатты отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізбей) жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Егер қоғамдық тамақтану нысандарында карантиндік және шектеу шараларын бұзу фактісі орын алса, жұмыстарына тыйым салынатын болады.

Сонымен қатар, өңірде кинотеатр, театр және мәдени нысандардың да жұмысына рұқсат берілді, тек көрермендермен толтырылуы нысанның сыйымдылығының 20 пайызынан аспауы тиіс. Сонымен қатар кинотеатрлар InfoKazakhstan.kz сайтында міндетті түрде тіркеліп, бетперде режимін, шахмат тәртібі бойынша отырғызуды, әлеуметтік қашықтықты және  №67 ҚР БМСДҚ талаптарын сақтауы қажет.

Эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз, осыған байланысты тұрғындардан барлық сақтық шараларын сақтауды сұраймыз.