Дерматомикоздың алдын алу

Дерматомикоздың алдын алу

Дерматомикоздар – тері ауруы. Аурудың негізгі көзі – ауырған  адамдар мен жануарлар.  Бұл ауру көп жағдайда теріні, шашты және тырнақты зақымдап, микроспория және трихофития түрінде кездеседі. Негізгі клиникалық көріністері: бастапқыда адамдарда шаштың астында, ал жануарларда басының түгінде, кейіннен диаметрі 1-2 см  дейін болатын аралары алшақ, көптеген дақтар байқалады. Терінің  зақымдалған жері ісінеді, түсі қызғылт, беті ақшыл-сұр түсті қабығы болады, сондай-ақ көпіршікті, іріңді бөртпе және қабыршақтануы мүмкін.

Дерматомикоз ауруына көбінесе балалар шалдығады.  Бұл көбінесе балалар үй жануарларымен ойнайтынын және оларда тиісті  гигиеналық дағдылар әлі дұрыс қалыптаса қоймағанын білдіреді.

Иесіз ит пен мысықтардың түр келбеті сау көрінгенімен ауру тасымалдаушы болуы мүмкін. Үй жануарының әр-түрлі тері ауруларымен ауыратынына күмән келтірсеңіз, шұғыл түрде ветеринариялық тексеруден өткізу керек. Егер Сіздің мысығыңыз немесе иттіңіз микроспориямен ауырғаны белгілі болса, оларды далаға шығарып жібермегеніңіз дұрыс, ауруды емдеуге болады.  Бұдан басқа, ауру жұқтырған жануарлар көшеде басқа адамдар үшін, әсіресе балалар үшін инфекция көзі болып табылады.  

 Адамдардың  негізгі профилактикалық шаралары мыналар: 

  • иесіз мысық және иттермен ойнамау;
  • үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды сабындап жуу;
  • басқа адамның бас киімін, киімдерін кимеу және жеке бас гигиена заттарын пайдаланбау;
  • барлық кезде жинақы және таза жүру;
  • шашыңыз себепсіз түсіп, денеңізде қабыршақтанған қызыл дақтар пайда болған жағдайда дереу дәрігерге көрініңіз.