Комитеттің көшпелі кеңейтілген отырысы Түркістанда өтті

Түркістан қаласында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың төрағалығымен Комитеттің көшпелі кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға облыстағы аумақтық бөлімшелердің, Ұлттық сараптама орталығы (ҰСО), обаға қарсы станция, білім беру, денсаулық сақтау және ветеринария басқармаларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Отырыста өңір халқының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бағыттар бойынша Түркістан облысының аумақтық департаментінің денсаулық сақтау, білім беру және ветеринария органдарымен ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
С. Бейсенова барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтіп, салалық басқармалар басшыларына өңірді дамыту жоспарына инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың пайда болу қатерін төмендетуге бағытталған іс-шараларды енгізуді ұсынды.
Отырыста сондай-ақ Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменттің, ҰСО филиалының және Дезинфекция орталығының қызметіне жүргізілген кешенді тексерудің нәтижелері тыңдалып, талқыланды. Қатысушылар өңірлік қызметтердің жетістіктерін де, кемшіліктерін де атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, құқық қолдану тәжірибесі мен бақылау-қадағалау қызметін ұйымдастыру мәселелерін қоса алғанда, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өңір органдары мен ұйымдарының қызметін жетілдіру және үйлестіру бойынша әдіснамалық ұсынымдар берілді.