МФБК: дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жетерлік әрі тұрақты

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен баға жағдайын бақылауды жалғастыруда.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек түрінің (ассортиментінің) едәуір азаюы және халық үшін дәрілердің қолжетімсіз болып қалу фактісі анықталған жоқ.
Тұрақты мониторинг шеңберінде мамандар дәріханалардағы дәрілердің болуын қадағалап, талдап отырады. Сұраныстың маусымдық өзгерістері мен нарықтағы ауытқуларға қарамастан, дәрі-дәрмектің жалпы түрі тұрақты болып қалып отыр. Ұсынылған дәрілік заттар санының өзгеруі 0,2%-дан аз, бұл дәрілердің халыққа қолжетімділігіне әсер еткен жоқ.
Дәрі-дәрмек бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Цифрлық құралдардың көмегімен Комитет дәрілер құнының өзгеруін қадағалап, фармацевтикалық нарықтағы жағдайды талдайды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,6 мыңнан астам дәрі-дәрмек атауы бойынша бағаға талдау жүргізілді.
Мониторинг көрсеткендей, кейбір дәрілердің бағасы нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп отырған. Сонымен бірге, дәрі-дәрмектердің едәуір бөлігі бойынша бағаның төмендеуі байқалды:
- 188 позиция бойынша — 5–10%-ға төмендеу;
- 190 позиция бойынша — 10–20%-ға төмендеу;
- 160 позиция бойынша — 20%-дан астам төмендеу.
Тұрақты бақылау нарықтағы өзгерістерді уақытылы қадағалауға, ықтимал тәуекелдерді анықтауға және халықты дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологияларды қолдану мониторинг процесін ашық етеді, сондай-ақ дәрі-дәрмектің болуы мен оның құнына қатысты жағдайды жедел бағалауға мүмкіндік береді.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бақылау механизмдерін жетілдіру және фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттыру бойынша жұмысты жалғастырады.