Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған пациенттің қайтыс болу фактісі бойынша тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы

Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған пациенттің қайтыс болу фактісі бойынша тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2012 жылы туған, Ақтау қаласында тұратын А. есімді кәмелетке толмаған пациентке медициналық көмек көрсету фактісі бойынша Маңғыстау облысының медициналық ұйымдарына жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін хабарлайды.

Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасында (МОКБА) бірқатар бұзушылықтар анықталды: 17.01, 23.01, 25.01.2026 ж. күндері ауруханаға жатқызудан бірнеше рет бас тарту, консилиумдардың өткізілмеуі, пациенттің жүгіну деректерінің толық тіркелмеуі, жағдайының жеткіліксіз бағалануы және клиникалық хаттамалардың сақталмауы.

Ақтау қалалық №2 емханада (АҚЕ №2) мынадай бұзушылықтар анықталды: анамнездің толық жиналмауы, зертханалық және аспаптық деректердің есепке алынбауы, диагноздың клиникалық көрініске сәйкес келмеуі, бір жүгіну кезінде пациентті бетпе-бет тексеріп қараудың болмауы.

Тексеру қорытындысы бойынша тәртіптік және экономикалық шаралар қабылданды, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Облыс прокуратурасымен қылмыстық іс қозғалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан АҚЕ №2-ге 227 632 теңге көлемінде экономикалық шаралар қолданылды.

2026 жылғы 19 ақпанда пациентті санитарлық авиация арқылы Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ-ға жеткізу ұйымдастырылып, әрі қарай ем қабылдады. 2026 жылғы 13 сәуірде қайтыс болу фактісі тіркелді.

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес пациенттің қайтыс болу фактісі бойынша тексеру жүргізу үшін комиссия құрамы қалыптастырылуда. Комиссия құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік медициналық инспектор және тәуелсіз сарапшылар кіреді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда.