Қазақстанда дәрі бағасы төмендеді: мониторинг нәтижелері

Қазақстанда дәрі бағасы төмендеді: мониторинг нәтижелері

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылы дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған механизмі енгізілгенін хабарлайды. Аталған механизм дәрілік препараттардың бағасының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

4994 сауда атауына шекті бағалар белгіленді. Бұл ретте 1707 рецептісіз босатылатын препарат реттеуден шығарылып, тұрақты мониторинг жағдайында нарықтық қағидаттар бойынша сатылуда.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 20 өңірде жүргізілген талдау нәтижесінде 2025 жылмен салыстырғанда 631 позиция бойынша бағалардың орта есеппен 24,6%-ға төмендегені тіркелді. Ең айқын төмендеу әртүрлі ауруларды емдеуде қолданылатын сұранысқа ие препараттар бойынша байқалды.

Қазақстан Республикасында дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі тұрақты негізде жұмыс істейді. Дәріханалардың бөлшек сауда желісінде тәуліктік сату көлемі орта есеппен 500–700 мың қаптаманы құрайды. Мәселен, 12 сәуірдегі жағдай бойынша 557 мың қаптама сатылған. Ең жоғары сұраныс симптоматикалық емдеуге және кең таралған ауруларды емдеуге арналған препараттарға тиесілі, оның ішінде Энтерожермина, Граммидин, Лиотон, Глаумакс және Панзинорм сияқты кеңінен қолданылатын дәрілер бар.

2 603 атау бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 51,2%-ы бағаның тұрақты деңгейін сақтап отырғаны анықталды, бұл нарықтағы салыстырмалы баға тұрақтылығын көрсетеді. Ал 24,2%-ы бойынша бағаның төмендеуі тіркелді.

Комитет баға мониторингін жалғастыруда. Шекті бағалардан асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.