Бауыржан Жүсіпов: «Басты міндетіміз – профилактикаға басымдық беру» медициналық көмектің сапасын бақылаудың жаңа тәсілі туралы

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов медицина ұйымдарын тексеру нәтижелері, профилактикалық бақылау, цифрландыру және медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы алдағы жұмыстар туралы айтып берді.
- Бауыржан Әлішерұлы, бүгінде медицина ұйымдарын бақылауға көп көңіл бөлінеді. Комитеттің бұл бағыттағы жұмысында қандай өзгерістер бар?
- Бұрын анықталған заң бұзушылықтарға жауап беруге міндеттесек, енді оларды алдын алып, болдырмауға тырысамыз.
Біздің басты міндетіміз: шағым түскеннен кейін әрекет ету емес, оған дейін жұмыс істеу, яғни профилактикаға басымдық беру. Осы мақсатта медицина ұйымдарының қызметі, лицензиялары, мамандары, жабдықтары және басқа да көрсеткіштері туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді дамытып жатырмыз.
Бұл ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтап, медицина ұйымдарына оларды жою жөнінде ұсынымдар беруге мүмкіндік береді.
- Қай ұйымдарға ерекше назар аудару қажет екені қалай анықталады?
- Медицина ұйымдарының қызметін бағалайтын 60 негізгі индикаторды анықтадық.
Қазіргі уақытта бес көрсеткіш іске қосылды, олар лицензияның болуы, лицензиялық талаптарға сәйкестік, қажетті жабдықтың болуы, тиісті сертификаты бар маманның болуы және кадрлармен қамтамасыз етілуі.
Алдағы уақытта медициналық көмек көрсетуге тікелей қатысты көрсеткіштер қосылады. Олардың қатарында клиникалық көрсеткіштер, ана өлімі, вакцинациямен қамту және басқа да критерийлер бар.
Жүйе тәуекел деңгейі жоғары ұйымдарды автоматты түрде анықтайды. Сарапшы қай көрсеткіштер бойынша мәселелер бар екенін көріп, тиісті ұсынымдар дайындай алады.
- Өткен жылы процедуралық кабинеттер туралы көп айтылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі қандай?
- Ел бойынша шамамен 1900 процедуралық кабинет анықталды. Олардың 400-ге жуығы қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.
Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шамамен 200 кабинет өз қызметін ерікті түрде тоқтатты. Қалғандары бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар санитариялық талаптардың бұзылуы, тіркелмеген дәрілік препараттарды пайдалану және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс істеу фактілері анықталды.
Медициналық процедуралардың қажетті рұқсаттары, жабдықтары және білікті мамандары бар ұйымдарда жүргізілуі маңызды.
- Биыл Комитет стоматологиялық ұйымдарды да тексерді. Нәтижелері қандай?
- Біз шамамен 600 стоматологиялық ұйымды тексердік. Тексеру нәтижесінде 105 клиника қызметін ерікті түрде тоқтатып, лицензияларын қайтарды.
Сонымен қатар жалпы сомасы шамамен 100 млн теңгеден асатын 500 айыппұл салынды. 30-ға жуық субъект бойынша материалдар сотта қаралуда.
Анықталған бұзушылықтардың қатарында лицензиялық талаптарға сәйкес келмеу, стоматологиялық көмек көрсету стандарттарын бұзу, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды пайдалану фактілері бар.
Бұл ретте біздің міндетіміз ұйымдарды барынша көп тексеру емес. Медициналық көмектің сапасын тек тексеру арқылы арттыру мүмкін емес.
- Пациент медициналық ұйымды таңдағанда нені білуі керек?
- Ең алдымен ұйымның медициналық қызметтің тиісті түріне лицензиясы бар екеніне көз жеткізу қажет. Сондай-ақ маманның тиісті сертификатының болуына назар аударған жөн.
Пациент медициналық ұйымнан лицензия туралы ақпаратты көрсетуді талап етуге құқылы. Құжатта QR-код орналасқан. Оның көмегімен eLicense жүйесіне өтіп, қажетті ақпаратты тексеруге болады.
Егер инвазивті процедуралар туралы сөз болса, олардың белгілі бір тәуекелдермен байланысты екенін ескеру қажет. Мұндай қызметтер қажетті мамандары, жабдықтары және ықтимал асқынулар кезінде көмек көрсетуге жағдайы бар медициналық ұйымда көрсетілуі тиіс.
- Комитет жұмысында цифрландыру қаншалықты маңызды?
- Цифрландыру бақылауды неғұрлым объективті әрі уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Біз сарапшының қажетті ақпаратты ақпараттық жүйелер арқылы алып, қажет болған жағдайда ғана ұйымға баруын қамтамасыз еткіміз келеді.
Сонымен қатар цифрлық құралдар адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, тексеру барысында барлық деректер тікелей жүйеге енгізілуі керек. Бұл бақылау рәсімдерінің ашықтығын арттырады.
- Бақылау жүйесінің жұмысындағы басты нәтиже қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Біз қол жеткізуге тиіс негізгі нәтиже: халықтың медициналық көмектің сапасына қанағаттану деңгейін арттыру.
Сапа тек бақылаушы органның міндеті болмауы керек. Әрбір медицина ұйымының басшысы күн сайын өз алдына және ұжымының алдына медициналық көмекті қалай сапалы әрі қауіпсіз етуге болатынын міндет етіп қоюы қажет.
Ішкі сапа бақылауын дамыту, заң бұзушылықтардың алдын алу және тәуекелдерді уақытылы анықтау бақылау жүйесін дамытудың келесі кезеңі болуы тиіс.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы Бауыржан Жүсіповтің осы бағыттағы сұхбатын мына сылтеме арқылы оқи аласыздар: https://tengrinews.kz/tengri-health/article/400-protsedurnyih-kabinetov-105-zakryityih-stomatologiy-4348/
Фото: © Tengrinews.kz / Роман Павлов