Қазақстан ТМД елдері салық қызметінің отырысында жасанды интеллектіні қолдану және салықтық тәуекелдерді басқару тәжірибесін таныстырды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының үйлестіру кеңесінің XXXIII отырысына қатысушылардың топтық фотосуреті.

   Қазақстан салықтық әкімшілендіруді цифрландыру саласындағы практикалық шешімдерімен бөлісті және ТМД елдерімен салықтық ақпарат алмасуды одан әрі дамыту жөнінде уағдаласты.

   2026 жылғы 21–23 қазанда Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салық қызметі басшыларының Үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – ТМД СҚБҮК) XXXIII отырысы өтті.

   Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның салық қызметінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері және ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі ретінде Түрікменстан өкілдері қатысты.

   Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов басқарды.

   Қатысушылар салықтық әкімшілендірудің тиімділігіне тікелей әсер ететін мәселелерге, атап айтқанда: елдер арасындағы салықтық ақпарат алмасуға, процестерді цифрландыруға, жасанды интеллектіні қолдануға, салықтық тәуекелдерді басқаруға және қазіргі заманғы талдау құралдарын пайдалануға баса назар аударды.

   Халықаралық деректер алмасу ерекше маңызға ие. Азаматтар мен бизнес бірнеше елде қатар қызмет жүргізген жағдайда, салық органдарының сапалы әкімшілендіруі және бұзушылықтардың алдын алуы үшін кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді жедел алуы маңызды.

   Отырыс қорытындысы бойынша жеке және заңды тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы ақпарат алмасудың жаңартылған форматтары келісілді. Сондай-ақ салықтық ақпаратпен электронды түрде алмасуды және салық қызметтерінің өзара көмек көрсетуін реттейтін қолданыстағы келісімдерге өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

   Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Қазақстанның үш бағыт бойынша тәжірибесімен бөлісті:

- салықтық тәуекелдерді басқару жүйелері мен талдау құралдарын қолдану;

- салықтық әкімшілендірудің тиімділігін және салық төлеушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану;

- ТМД елдері салық қызметінің жас мамандары арасындағы өзара іс-қимылды және тәжірибе алмасуды дамыту.

   Сонымен қатар қатысушылар трансшекаралық электрондық құжат айналымын дамыту, кадрлардың біліктілігін арттыру және клиентке бағдарлану қағидаттарды енгізу, яғни салық төлеушілер үшін неғұрлым қолайлы және  түсінікті жағдайлар жасау мәселелерін талқылады.

   Салық төлеушілер үшін мұндай ынтымақтастықты дамыту әртүрлі елдің салық органдары арасындағы неғұрлым тиімді өзара іс-қимылды, цифрлық сервистерді жетілдіруді және салықтық әкімшілендіру сапасын артыруды білдіреді.

   Ақпарат алмасудың келісілген тәсілдері, оның ішінде әртүрлі мемлекеттерде қызметті жүзеге асыру және активтер болған кезде салық қызметінің қажетті мәліметтерді жедел алуына мүмкіндік береді. Бұл, сонымен қатар, салықтық тәуекелдерді неғұрлым тиімді анықтауға және бұзушылықтардың алдын алуға жағдай жасайды.

   Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және кәсіби тәжірибе алмасу жөнінде шешімдер қабылданды.

   2026–2027 жылдарға арналған ТМД СҚБҮК төрағасы болып Өзбекстан Республикасы Салық комитетінің төрағасы Фаррух Пулатов сайланды. ТМД СҚБҮК-нің келесі XXXIV отырысын 2027 жылғы екінші жартыжылдықта Өзбекстан Республикасында өткізу жоспарланды.