ШҚО-да жоба жалғасуда: Өскемен экономика және техника колледжінің студенттерімен кездесу

ШҚО-да Өскемен экономика және техника колледжінің студенттерімен өткен кездесу.

ШҚО-да жоба жалғасуда: Өскемен экономика және техника колледжінің студенттерімен кездесу

     2026 жылғы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жоба серіктестерімен бірлесіп, «Салық мәдениеті: жастар және мемлекет» өңірлік жастар жобасы аясында Өскемен экономика және техника колледжінің (КЭТ) студенттерімен және волонтерлерімен кезекті кездесу өткізді.

     Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова ашып, жобаның мақсаты мен іске асырылу мерзімдері, жоспарланған іс-шаралар, волонтерлік қозғалысты дамыту, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуының келешегі мен мүмкіндіктері туралы баяндады.

     Спикер студенттерді мемлекеттік кірістер органдары қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, салық түрлері, салықтық әкімшілендірудің ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді.
Студенттердің ерекше қызығушылығын жоба үйлестірушісі, заң ғылымдарының докторы Қуат Хажұмұханұлы Рахимбердин өткізген «Әлемді өзгерткен салықтар» атты зияткерлік командалық викторина тудырды.

     Қуат Хажұмханұлы Қазақстандағы волонтерліктің дамуы, оның құқықтық негіздері, қағидаттары мен әлеуметтік маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар салық волонтері деген кім, ол қандай қасиеттерге ие болуы керек және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда студент жастар қандай рөл атқара алатыны жөнінде пікір алмасты.

     Кездесу интерактивті тапсырмалар мен викторинаны қолдана отырып, ашық диалог форматында өтті. Бұл студенттерге өз білімдерін тексеруге және көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.

     Алдағы уақытта жоба аясында жастардың салықтық сауаттылығын арттыруға және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған білім беру және ағартушылық бастамаларды дамыту жоспарлануда.

Жарияланған күні

18 қараша 2026

Жаңарту күні

18 қараша 2026