Шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимін қолданатың салық төлеушілер үшін салықтарды есептеу тәртібі

Шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимі мен есептеу тәртібі туралы ақпараттық сурет.
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимін қолданатың салық төлеушілер үшін салықтарды есептеу тәртібі
 
 
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында шаруа немесе фермер қожалықтарына (бұдан әрі – ШФҚ) арналған арнаулы салық режимін көздейтін жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді.
 
Аталған режим Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 79-тарауымен (728–733-баптар) реттеледі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге салық салу тәртібін оңайлатуға бағытталған.
 
Арнаулы салық режимін Салық кодексінде белгіленген талаптар мен жер учаскелерінің алаңы бойынша шектеулерді сақтай отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы ШФҚ қолдануға құқылы.
 
Бұл режим өз өндірісіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізуден, сондай-ақ осындай өнімдерді қайта өңдеуден және қайта өңдеу өнімдерін өткізуден алынған кірістерге қолданылады.
 
Салық кодексінің 730-бабына сәйкес жеке табыс салығы салық кезеңі үшін салық салу объектісінің 0,5 пайызы мөлшерлемесі бойынша есептеледі.
Салық кезеңі күнтізбелік жыл болып табылады. Салықты есептеуді салық төлеуші жыл қорытындысы бойынша дербес жүргізеді.
 
Салық кодексінің 731-бабына сәйкес осы арнаулы салық режимін қолданатын ШФҚ режим шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша бірқатар салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, оның ішінде жер салығын, мүлік салығын, көлік құралдары салығын және әлеуметтік салықты төлеуден босатылады.
Салық кодексінің 733-бабына сәйкес ШФҚ үшін арнаулы салық режимі бойынша декларация есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей ұсынылады.
 
Жалдамалы жұмыскерлер болған жағдайда ШФҚ жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару бойынша салық агентінің міндеттерін орындауға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындауға міндетті. Бұл ретте, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушілердің аталған санаты 200.00 нысанындағы салық есептілігін ұсынады.
 
Осылайша, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі салық салудың оңайлатылған тәртібін, жеке табыс салығының 0,5 пайыз мөлшерлемесін қолдануды және жекелеген салықтардан босатуды көздейді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салық жүктемесін төмендетуге және салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге ықпал етеді.
Жарияланған күні

16 қараша 2026

Жаңарту күні

16 қараша 2026